АҚШ-тың Facebook, Google, Microsoft, LinkedIn, Reddit, Twitter, Youtube компаниялары жаңа коронавирус туралы жалған ақпараттың таралуын болдырмау мақсатында бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Алпауыт корпорациялар басқа фирмаларды осындай әрекетке көшуге шақырды.
"Біз миллиондаған адамды байланыспен қамтамасыз етіп, вирус туралы фейк мәліметтерді жойып, тек расталған нақты деректерді таратып жатырмыз", – деп жазылған компаниялардың ортақ мәлімдемесінде.
АҚШ-та Covid-19 деп аталатын инфекцияны жұқтырғандардың саны 3800-ден асты. 80-ге жуық кісі қаза тапқан. Жергілікті билік еуропалықтардың Құрама Штаттарға келуіне тыйым салып, тұрғындарға 10-нан астам адам жиналған жерлерге бармауға кеңес берді. Вирус кең етек жайған бірқатар штатта карантин жарияланды.
11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирус індетін пандемия деп жариялады. Соңғы ресми мәліметке сүйенсек, әлем бойынша науқастардың саны 167 мыңнан асып, оның 7 мыңға жуығы ажал құшқан.
Табиғат Нұрболат