"Бүгінгі төтенше жағдай кезінде байланыс қазметіне талап пен сұраныс күшейіп отыр. Бүкіл әлемде интернет арналарына зор салмақ түсуде. Елімізде де интернет абоненттерінің белсенді өсуі, интернет дүкендері арқылы тауарларды, тағам мен дәрі-дәрмектерді үйге жеткізуге тапсырыс берудің көбеюі, видеоконтентті қолданудың өсуі, үйден онлайн жұмыс істеуге көшу және оқушылар мен студенттердің қашықтықтан оқуы интернетке түскен салмақты арттыруда. Осы факторлар сыртқы интернет трафиктің 20%-дан асуына және ішкі арналардың жүктемесінің өсуіне әкеп соқты", – деп айтып өтті Дарын Тұяқов.
Вице-министр интернет арналарын кеңейту үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына ерекше тоқталды.
"Сондықтан өз тарапымыздан қолда бар мүмкіндіктерді қолдана отырып, байланыс сапасын жақсартудамыз. Осы орайда байланыс операторлары интернет арналарын кеңейту үшін тиісті жұмыстарды жүргізуде. Сыртқы арналар 20%-ға кеңейтілді әрі байланыс сапасын бақылау үздіксіз жүргізілуде. Кейбір азаматтың радио толқынынан, таралатын сәуледен қорқуы себебінен Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар тұрғын үйлерден базалық станция алынып тасталған болатын. Сол себепті кей жерде интернеттің нашарлығы байқалады. Осыған сәйкес, қаланың интернет сапасы нашар жерлерде қосымша базалық станция орнату мәселесі қала әкімшілігімен бірлесе отырып пысықталуда. Әкімшілік базалық станция орнату үшін электрмен жабдықталған жер телімін бөлуі керек. Станциялар тұрғын үйлерде орнатылмайды. Қазір қалада бес жерде антенна орнатылып, электрмен жабдықталды. Биыл елордада осындай 50 базалық станция салу жоспарда бар. Бұндай жұмыс Алматы қаласында басталып кетті. Сондай-ақ, осындай базалық станциялар басқа өңірлерде де салынады", – деді вице-министр.
Нұржан Көшкін