Қайың шырынын жинағандарға қанша айыппұл көзделген?

617

СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қайың шырынын заңсыз жинағандарға айыппұл қарастырылғанын ескертеді.  

Қайың шырынын жинағандарға қанша айыппұл көзделген? Фото: google

Ведомство қайың шырынын дайындау кезінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің қолында мемлекеттік орман шаруашылығы жазып берген орман билеті болуы қажет екенін ескертеді, деп жазады inbusiness.kz басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Себебі қайың шырынын және табиғаттың басқа да сыйларын дайындау ҚР Орман кодексінің 113-бабының 8-тармағымен және ҚР Әкімшілік кодексінің 368-бабымен нақты реттелген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудiң, шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы орман материалдарын алудың белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшін мынадай жауапкершілік көзделген:

  • жеке тұлғаларға 10 АЕК немесе 34 500 теңге мөлшерінде;
  • лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК немесе 103 500 теңге мөлшерінде;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК немесе 172 500 теңге мөлшерінде;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК немесе 345 000 теңге мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады", - деді Орман шаруашылығы және ЕҚТА бөлімінің маманы Сәуле Сүлейменова.

Оның сөзінше, халықтың жекелеген санатының тұтынушылық құмарлығы сана мен жауапкершілік сезімінен басым болады.

"Салдарынан мыңдаған қайыңды жабайылықпен құртады. Қайың шырыны ағаш қысқы ұйқыдан оянып, өсіп, жапырақтары гүлденуі үшін бұтақтарға қажетті қоректік заттарды жеткізеді. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде қайыңның ағаш шырындарын дайындау жоспар бойынша жақын арада кесуге тағайындалатын пісіп-жетілген және жасамыс ағашқұрамдарда жүзеге асырылады. Заңнамада белгіленген тәртіппен қайыңның сөлін ағызу кесу жоспарларын бекітпей тағайындалмайды", - деді маман.

Ағаш шырындарын жинауға бес жыл ішінде кесуге жататын ормандардың арнайы бөлінген учаскелерінде ғана рұқсат етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу