Каналдарды бетондау ісі бітпей, шаруа судан қысылуда

394

Түркістан облысының шаруалары да ағын судан тарығып отыр. Айтуларынша соңғы бір айдан бері су жоқ.

Каналдарды бетондау ісі бітпей, шаруа судан қысылуда

Өңірдегі каналдарды бетондау ісі бес жылдан бері бітпей тұр. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған жобаның құны 100 млрд теңгеден асады. Себебі, аталған құрылыс аяқталса төрт аудандағы 105 мың гектардай алқап ағын суға қарқ болар еді.

Бүгінде Түркістан облысында ағын судың азабын Мақтарал, Жетісай, Шардара ауданының шаруалары бірдей тартып отыр. Мәселен, Мақтарал ауданындағы мақта еккен дихандар соңғы бір айдан бері ақ алтын алқабын суара алмай қиналуда. Салдарынан қаншама бейнетпен өсіп жетілген өскіндер көктей солып барады. Жер емген жандардың айтуынша мақта дақылы шілдеде екі рет су ішуі керек екен. Бірақ, биыл бір рет те суғарылмаған. 

"Шілденің 10-15-нен бері жүгіріп жүрміз ғой осы, ахуал осы. Бір ай болды, су жоқ. Арық алып қойғанбыз, жеріміздің бәрі кеуіп бара жатыр. Күніге мотордың басына барамыз, күніге осы су бермейді. Су жоқ, міне, сусыз отырмыз. Мақтаның барлығы қурап жатыр", - дейді шаруа Сәрсенбай Шәмшиддинов.

Негізінде түстіктегі шаруалардың судан тарығып отқаны биыл бірінші рет емес. Соңғы бес жылдағы жағдай осы. Олқылықтың орнын жою үшін 2017 жылы су арналарын бетондау ісі басталғанды. Бірақ, мемлекеттің миллиардтаған теңгесі бөлінсе де жұмыс бітер емес.

"2020 жылы пандемия болды. Одан кейін бізде жоба бойынша өзгерістер болып тұрады. Сол бойынша уақытымыз өтті. Жылына бір 3-4 ай тоқтаймыз. Себебі, қыс уақытында, жаңбыр жауғанда каналымызға кедергі келтіреді ауа райы", - дейді мердігер мекеменің өкілі Мейіржан Сайпиддинов.

Бірақ мердігер мен жобаға жауапты комитет өкілдерінің сөзі бір-бірімен қабыспайды. Мәселен, мердігер барлығына пандемия мен ауа-райының қолайсыздығы себеп, десе. Комитет өкілінің жауабы мүлдем басқа. 

"Үкімет, өкінішке қарай, ақшаны толығымен бөлмей отыр. Сол себепті мына жұмыс толығымен атқарылмай отыр. Негізінен жоспарда бар, осы биыл жақын арада шешілуі керек. Ақша бөлінеді, үкіметтен оң шешімі жақын арада шығады осы тамыз айында. Сол себепті осы жобаның аяқталуы келер жылдың мамыр айына дейін жоспарланып отыр", - дейді Су комитеті "Пуид-2" жобасы басқару тобының техникалық кеңесшісі Бақытжан Темірбеков.

Негізінде 105 мың гектар жердің суғарылуын жақсартуы тиіс деп жоспарланған жоба осыдан екі жыл бұрын аяқталуы тиіс еді. Бірақ, бүгінге дейін жұмыстың тек сексен пайызға жуығы атқарылған. Яғни, жұмысты аяқтауға ешкім асығар емес. Есесіне қаншама шаруаның қанша еңбегі еш кетуде. Оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу