Ауа-райының қолайсыздығына байланысты полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Өңірдегі жолдарда мыңнан астам көлік тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальоны мен аумақтық бөлімшелердің жеке құрамы күшейтілген қызмет көрсету режиміне көшірілді. Ауа райы нашарлағаннан бастап полиция қызметкерлері жолдардың жағдайын үнемі тексеріп, жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетуде.
Ведомствода хабарлағандай, 21 қаңтар күні сағат 13:00-дегі жағдай бойынша Қарағанды облысының жолдарында 1000-нан астам көлік тіркелген, оның ішінде 527 жеңіл, 500 жүк көлігі және 9 қоғамдық көлік бар.
– Өздеріңіз білетіндей, кеше республикалық маңызы бар Қарағанды-Астана трассасы жабылды. Теміртау терминалы маңында Қарағанды-Астана бағытында шамамен 300 көлік тұр. Бұған дейін бұл жерде көліктер саны одан да көп болған, бірақ кейбір жүргізушілер жолдың жабық болуына байланысты кері қалаға оралды. Таңертең патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жолдарды тексеріп, қар құрсаулары мен қар үйінділерін анықтады. Жолдардың жағдайы туралы барлық ақпарат пен бейнематериалдар "ҚазАвтоЖол" мекемесіне жіберілді, және жол қызметтері қар тазалау жұмыстарын бастады, – деп атап өтті Қарағанды облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.
Полиция ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерді алыс жолдарға шықпауға шақырады, бұл төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.