Қаржы министрлігі – 2 млрд, ауыл шаруашылығы министрлігі – 1,9 млрд, әділет министрлігі – 1,6 млрд, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 1,2 млрд, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 1,1 млрд теңгені игере алмай отыр. Бұл туралы үкімет отырысында айтылды.
"Қаражаттың игерілмеуінің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін ұсынбау, сотта мемлекеттің мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмысының жүргізілуі, нақты көрсетілген қызмет көлемі мен орындалған жұмыстар үшін ақы төлеудің созылуы", – деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Өңірлерде де жағдай мәз емес екен. 24 млрд теңге игерілмей жатқан көрінеді. Бұл туралы Ерұлан Жамаубаев: "Ақтөбе облысында – 3,2 млрд, Алматы қаласында – 3 млрд, Солтүстік Қазақстан облысында – 2,5 млрд, Батыс Қазақстан облысында – 2,3 млрд, Түркістан облысында – 1,9 млрд теңге игерілмей жатыр. Қаржы жылының аяқталуына дейін аз уақыт қалды. Осыған орай орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жоспарланған қаражатты ғана емес, сондай-ақ үкімет резервінен бөлінген ақшаны да игеруді жеделдетуі қажет екенін еске саламын", – деді.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығысы – 98,8%, республикалық бюджеттің шығысы – 99,7%, жергілікті бюджеттің шығысы – 98% атқарылды. Республикалық бюджеттің шығысы 11 трлн 284 млрд теңгені құрады. 32 млрд теңге бойынша жұмыс атқарылмады. Оның ішінде үнемдеу – 8 млрд теңгені, игерілмеген қаржы – 24 млрд теңгені құрады.
Қанат Махамбет