Өлкетанушы: Қазақ жерінде тереңдігі 90-100 метрлік құдықтар болған

Шегенді құдықтарды мемлекет өз қорғауына алуы керек.

Өлкетанушы: Қазақ жерінде тереңдігі 90-100 метрлік құдықтар болған Фото: Оңдасын Оразов

Шыңыраудан құдық қазып, шөл даланы игерген ата-бабалармыздың шеберлігін жастардың білгені жөн. "Көрқұдыққа жақындама, ішінде шайтан болады" деп қорқыту неден шыққан? Inbusiness.kz тілшісіне өлкетанушы Оңдасын Оразов қазақтың қайталанбас өнері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

"Ол заманда "құдықшы" деген ең беделді кәсіп иесінің бірі саналған" деген өлкетанушы тақырыпты зерттеуге қызығушылығы одан сайын артқанын айтады.

– Құдықшылар Алланың өзінің бойына берген қасиеті арқылы жерді де таңдай білген. Су жақыннан шығатын жердің топырағына, өсімдігіне қарап дөп басқан. Кей кісілер түн ортасы ауған тып-тыныш шақта даланы кезіп, тереңде ағып атқан судың дыбысын естиді екен, сөйтіп құдық қазатын жерін анықтаған. Құдықты құмды жер, тас болмағандықтан, Қызылқұмда өсетін тал сияқты, шірімейтін өсімдік қандым және әбден кептірілген (күннің ыстығына не оттың табына құрғатылған) қара сексеуіл томарымен шегендеп отырған. Шегендердің арасын өсімдік тамырлары шымымен бекіткен, – дейді ол.

Атақты этногрф-ғалым, әдебиетші, жазушы Ақселеу Сейдімбеков Тауелібай жеріне барғанда елдің құдықтармен жүз мыңдаған мал өсіріп, мыңдаған кісінің тіршілік етіп жатқанына таңғалып: "Жер шарында мыңғыртып мал өсіріп жатқан ел көп, бірақ ол жерлерде өзен, көл және ағын сулар бар. Ал өте терең құдық суын пайдаланып және шыңыраудан қолмен құдық қазып, оны қарапайым әдіспен жүз мыңдап мал өсіріп, тіршілік еткен ата-бабаларымыз өте еңбекшіл, жанқияр еңбек иесі болған екен. Мен мұндайды көрген де, естіген де емеспін. Бұл – "Гиннес" рекордтар кітабына жазылатын дүние" деп ағынан жарыла айтқан екен.

Қазақ даласындағы шегенді құдықтарды зерттеп жүрген Оңдасын Оразов "Мұндай шеберлік тек қазақтың ғана қолынан келетіндей" дейді. Сонымен қатар, құдық қазу өнері әлі көп зерттелгенін қалайды.

– Ескі құдықтар қазір көмілген, мен бала кезімде әлі көмілмеген, ашық тұрған құдықтарды көрдім. Өте көне, құстар ұялап тастаған еді. Үлкендер қасына барғызбайтын. "Көрқұдыққа жақындама, ішінде шайтан болады" деп қорқытатын. Бала болғандықтан оңаша ұрланып, қарайтынбыз. Ол құдықтардың шегенделуіне таңғаласың, сонша тереңдікте қазып және мықты етіп, шегендеп шығу тек қазақтың қолынан келетіндей. Аталарымыздың жанқиярлық еңбегіне таңғаламын. Осындай құдықпен қаншама мал өсірген, қаншама жан өсіп-өнген. Кейін Кеңес дәуірінде сол аймақта осындай құдықпен бірақ, техниканы пайдаланып, 1,5 миллионнан астам қаракөл қойын, жүз мыңдаған түйе мен жылқы, сиыр өсірді. 200 мыңнан астам адам осы құдықтардың суын пайдаланды. Негізі, қазақ даласының, Тауелібай жерінің құдықтары туралы, ескідегі құдық қазу әдістері, құдықшылар туралы және сондай тереңнен су шығару жайын арнайы зерттеп, кең түрде жазуымыз керек. Бір өкініштісі, қандыммен шегенделген терең құдықтардың суреті жоқ, – дейді ол.

Өзбекстанның Тауелібай жерінде, Қарақалпақстанның Төрткүл, Бируни, Тақтакөпір, Еліуқала аудандарының Қызылқұм жағы және Қазақстанның Қазалы, Қармақшы аудандарының Қызылқұмында шыңырау құдықтарының тереңдігі 90-100 метрге дейін жеткен көрінеді. Ал оның орташа тереңдігі – 40-60 метр, таяздау жерлері 10-20 метр жерден су алады. Кезінде ата-бабамыз осындай құдықтарды қолмен қазып, су шығарған.

– Біздің бабаларымыз далада жүрген соң, өмір сүрудің маманы атанған, осы құмда малы өсіп-көбейген, сол малдың арқасында "мен деген" байлар болған. Марал ишан басындағы құдықты мемлекет өз қамқорына алған. Сол секілді, Қазалы ауданы да аумағындағы осындай ерекше құдықтарға ескерткіш тақта орнатып, есепке алса болады. Біз қазақтың осындай керемет өнерін ұмытып кеттік. Шыңыраудан құдық қазып, шөл даланы игерген ата-бабамыздың тапқырлығы мен табиғат тылсымын жастарға, болашаққа жеткізуіміз қажет. Шегендеп құдық қазу – қазақтың құнды дүниесі, – деп түйіндеді өлкетанушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу