Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Эритреяға қарсы санкцияларды жою туралы қарарын қолдады, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Эритреяға қарсы санкцияларды жою туралы қарарды қолдады.
2017 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Сомали мен Эритреяға қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциялар жөніндегі комитетінің төрағасы болды.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Африканың мүйісінде, соның ішінде Эритрея, Эфиопия, Джибути және Сомали елдеріндегі теңдессіз оң өзгерістерді атап өтті. Биылғы маусым айында бүкіл әлем Эритрея мен Эфиопия арасындағы тарихи татулыққа куә болды – екі елдің басшылары саяси ерік-жігер танытып, 80 мыңнан астам адамның өмірін қиған 20 жылдық қарсыласуын тоқтатты.
Бұл оқиға 10 жыл ішінде аумақтық қақтығыстарға орай бөлінген Эритрея мен Джибути арасындағы жақындасу және жоғары деңгейдегі алғашқы байланыстарға жол берді. Екіжақты келісімдермен қатар Эритрея, Эфиопия және Сомали саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды нығайтуға және өңірлік бейбітшілікті, қауіпсіздікті және дамуды ынталандыру жөніндегі күш-жігерлерін орнатуға келісті.
"Өңірдегі бейбітшілік өңірлік көшбасшылардың батыл шешімдерінің нәтижесі болды. Бұл ұзақ созылған шиеленістердің, қақтығыстар мен бәсекелестіктің дәуірінің аяқталуын көрсетеді және бейбіт, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне жол ашады", - деді Қазақстан елшісі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде.
Қазақстан Эритреяға қарсы санкцияларды алып тастау туралы шешім үшін дауыс берген кезде, өзінің Африкада бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатуға деген ұмтылысын басшылыққа алды.
Эритреяға қарсы санкциялар 2009 жылы енгізілген болатын.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған қарарға қару-жарақ эмбаргосын алып тастау, жол жүруге тыйым салуды, активтерді тоқтатуды және мақсатты санкцияларды жою кіреді.