Жәмішев: "Қазақстан халқына" қорына ақша аудару қымбатшылыққа апармайды

1384

"Қазақстан халқына" қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев бизнес қаражатты заңнамада көзделген салықтық жеңілдіктер аясында қорға аударады деп есептейді. 

Жәмішев: "Қазақстан халқына" қорына ақша аудару қымбатшылыққа апармайды

"Кейбір адам мұны бизнеске қосымша салық ретінде қабылдайтынын көрдім. Жоқ, бұл салық емес, бұл кәсіпорындардың ерікті аударымдары. Негізінен қазір ірі бизнес кәсіпорындары мен осы кәсіпорындардың акционерлері аударым жасап жатыр. Салық заңнамасына сәйкес, егер бұл ақша қайырымдылыққа жіберілсе, салық салынатын табыстың 3%-на дейін салық шегерімдері көзделген. Менің ойымша, салық жеңілдіктері аясында аударымдар жүзеге асырылады. Сондықтан бұл аударымдар бағаның өсуіне ешқандай әсер етпейді", – деді Жәмішев сенбі күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Ол көптеген бизнесмендер қайырымдылық қызметпен айналысатынын, сондықтан "іске асырылып жатқан барлық жобаларды олар қаржыландыруды жалғастырады". Сонымен қатар бизнесмендер "өздері аударған қаражаттың қайырымдылыққа қалай жұмсалғанын бақылай алады".

"Біз демеушілер арасынан кеңес құруды жоспарлап отырмыз. Осы кеңеспен бірлесе отырып, қордың доноры болып отырған бизнесмендермен жұмыс істеу стратегиясын әзірлейміз", – деп хабарлады басқарма төрағасы.

Қор басшысының айтуынша, жеке тұлғалардан түсетін түсімдер ерікті негізде жүзеге асырылады.

"Оларды аударым жаса деп мәжбүрлеу болмайды", – деді қор басшысы.

"Қазақстан халқына" қоры Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша қайырымдылық жобаларын, сирек кездесетін аурулары бар балаларды қолдау, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және спорт саласындағы бастамаларды қолдау үшін құрылды.

Жәмішев қор бірінші кезеңде 100 млрд теңгеге дейін екінші кезеңде 50 млрд теңгеге дейін қаражат жинауды көздейтінін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу