Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары күріш өндірісінің азайғанын және импорт үлесінің артқанын байқады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар, агенттіктің қызметкерлері күріштің көтерме сату нарығына талдау жасап, негізгі өндірушілер Қызылорда облысында орналасқанын атап өтті.
Олар су тапшылығы мен шығындардың артуына байланысты егіс алқаптарының әдейі қысқарып жатқанын анықтады. Бұл ішкі баға өсімінің жоғары динамикасының басты себебі болды.
"Егер 2022 жылы күріш бағасының өсуі 36%-ды құраса, 2023 жылы – 39%-ды құрады, бұл өткен жылы 3,4%-ды құраған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуінің жалпы деңгейінен айтарлықтай асып түседі", - делінген агенттіктің хабарламасында.
Бұдан бөлек, баға келісімін қолданған алты күріш өндірушіге жалпы сомасы 68,7 миллион теңге айыппұл салынғаны атап өтілді.
Сондай-ақ департамент өндірістің қысқаруы мен күріш бағасының өсуіне суару суының тапшылығы, ауыл шаруашылығы техникасының, тыңайтқыштар мен импорттық қаптаманың қымбаттауы, субсидиялардың уақытылы берілмеуі әсер етіп отырғанын түсіндірді.
"Осыған орай, монополияға қарсы орган Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялар бөлу кезінде күрішті басым дақылдар тізіміне енгізу, оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз етуді жоспарлауды ұйымдастыру, күріш өндірушілеріне жеңілдетілген несиелендіру үлесін арттыру, күрішті бөлшек сауда желілерімен тікелей сатып алу және тыңайтқыштар мен қаптама материалдарының отандық өндірісін дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді", - деді агенттікте.