Алматыда Білім министрі ғылыми қоғамдастық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, арнайы және инклюзивті білім беру мәселелерін талқыға салды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаеваның айтуынша, қазір елімізде 215 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. 2024 жылы қосымша тоғыз түзету кабинетін ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мектептерде 700-ден астам инклюзияны қолдау кабинеттері бар. 2024 жылы олардың саны тағы 57 бірлікке көбейтіледі. Сондай-ақ, 2024 жылы 14 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес ашу жоспарлануда.
Сонымен қоса, Білім министрі Ғани Бейсембаев инклюзивті білім беру жүйесін дамыту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұдан басқа, ол 2023 жылдың желтоқсан айында министрлік құрылымында Арнайы және инклюзивті білім беру департаменті ашылғанын еске салды.
"Бүгінгі кездесу барлық мүдделі тараптармен бірлесіп арнайы және инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға және шешуге дайын екендігіміздің дәлелі. Арнайы білім әр баламен жеке жұмыс жасауды, әр балаға назар аударуды қажет етеді. Осы мақсатта Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, біз кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесін қарастырамыз. Сондықтан, педагогтер оқытатын жоғары оқу орындарының бағдарламаларына "инклюзивті білім беру" модульін қосу жоспарланып, педагогтер үшін біліктілікті арттырудың жаңа курстары әзірленуде", - деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.
Сөз соңында, Білім министрі Ғани Бейсембаев департамент директорына елімізде инклюзивті білім беруді дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырды.