Қазақстандық киім өндірушілер банкрот болудың алдында тұр

921

Елдегі сұраныстың 99,4%-ын шетелдік компаниялар қамтамасыз етіп отыр.  

Қазақстандық киім өндірушілер банкрот болудың алдында тұр

2021 жылдың қаңтар-ақпанында отандық кәсіпорындар жалпы сомасы 7 млрд теңгеге киім тіккен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 24,1%-ға жоғары, деп хабарлады inbusiness.kz  порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Өңірлер бойынша ең көп тауарды Алматы обылысы шығарды (1,4 млрд теңге, +13,4%). Одан кейінгі орында Алматы қаласы (1,1 млрд теңге, +35%) мен Қарағанды облысы (969,3 млн теңге, +59%) тұр. 

Еске сала кетсек аталған аймақтарда "ТФ Ажар" ЖШС, "Glasman" ЖШС, "Texti Market" ЖШС, "Демеу-Арна" ЖШС, "Казлегпром-Алматы" ЖШС сынды компаниялар жұмыс істейді. 

Ал 2020 жылы қазақстандық өндірушілер жалпы сомасы 46,3 млрд теңгеге киім тіккен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда бар болғаны 5,5%-ға жоғары.  

Алайда көптеген сегменттер бойынша киім өндірісі төмендеген. Мәселен, жемпірлер мен трикотаж матадан тігілген киімдер өндірісі 17,1 мың дағана немесе 20,7%-ға азайған. Ал ерлерге арналған сырт киім өндірісі 52,6% немесе 15,5 мың данаға, әйелдердің сырт киімін өндіру 51,8% немесе 14,2 мың данаға төмендеді. Тек бас киімдер өндірісінде ғана алға жылжу байқалады (+15,8%). 

Бұл ретте Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы Хабар24 арнасына отандық өндірушілер банкроттық алдында тұрғанын жеткізген.  

Себебі қоймаларда өткен жылдан бері өтпей қалған киім-кешек толып тұрған көрінеді. Салдарынан кәсіпкерлер 4 млрд теңгеге дейін шығын шегіп отыр. 

Ал сарапшылар қазақстандықтарды отандық өндіругілер "киіндіре" алмайды деген пікірде. Бұған статистика дәлел. Мәселен, қаңтар айында отандық кәсіпорындар елдегі сұраныстың бар болғаны 0,6%-ын қамтамасыз еткен. Ал импорттың үлесіне 99,4% тиесілі. Жалпы алғанда елге 934,8 мың дана киім әкелінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11,8%-ға жоғары. 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу