Қазақстандықтар телефон нөмірін тіркегенде "биометриядан" өтуге міндеттелмек

396

Бұл шара интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған. 

Қазақстандықтар телефон нөмірін тіркегенде "биометриядан" өтуге міндеттелмек Фото: Интемс

Қазақстанда азаматтар телефон нөмірін тіркеу кезінде "биометриядан" өтуге міндетті болады. Бұл туралы Парламенттік тыңдауда Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Көптеген адамда "егер бізде ауыстырылатын нөмірлерді бұғаттау жүйесі болса, алаяқтар біздің азаматтарымызға шетелден қалай қоңырау шала алады" деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған екі себеп бар. Біріншіден, олар қазақстандық ұялы байланыс компанияларының нөмірлерін пайдалана бастады. Сол баяғы "дроперлер" ақылы түрде электронды SIM-карталарды өз аттарына тіркеп, оны алаяқтарға береді, олардың көмегімен қылмыскерлер WhatsApp қосымшасында тіркеледі. Оны іске қосқаннан кейін алаяқтар жәбірленушілерге көрсетілген мессенджер арқылы қоңырау шалып, сөйлеседі, ал олардың орналасқан жерін мұндай жағдайда анықтау қиын болып келеді", - деді Игорь Лепеха.

Ведомство өкілінің сөзінше, осы күнге дейін абоненттік нөмірді басқа адамға заңсыз бергені үшін жауапкершілік болмаған. Бүгінде бұл олқылықтың орнын толтыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нақты айтар болсақ, әкімшілік заңнамаға түзетулер енгізу қаралуда.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы осындай әрекеттер үшін құқықтық жауапкершілікті көздейтін 18-тармақпен толықтырылады. Сонымен қатар бақылау шараларын күшейту үшін Цифрлық даму министрлігі "Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына" толықтырулар жобасын әзірледі, оған сәйкес телефон нөмірлерін тіркеу кезінде азаматтар "биометриядан" өтуге міндетті болады. Бұл шара азаматтық жауапкершілікті арттырады және ұялы байланыс қызметтерін пайдалануда тәртіп орнатуға мүмкіндік береді", - деп толықтырды спикер.

Ішкі істер министрінің орынбасары екінші себеп ретінде алаяқтардың арнайы IP және SIP телефония бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана бастауын айтты.

"Оларды компьютерге немесе телефон құрылғысына орнатқаннан кейін алаяқтар қосымша қолданбаларды пайдаланып, өз нөмірін кез келген басқа нөмірге ауыстырады, осылайша алаяқтар қоңырау қабылдаушыларды алдайды", - деді Игорь Лепеха.

Айта кету керек, осыған дейін елімізде микроқаржы ұйымдарындағы несиенің пайызы 339%-ға дейін жететінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу