Қазақстандықтар "пәтер мәселесін" "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша қалай шеше алатыны айтылды

1086

Қазақстандықтар "пәтер мәселесін" "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша қалай шеше алатыны айтылды

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев үкімет мәжілісі барысында тұрғын үй құрылысы саласындағы барлық ресурстарды біріктірген "Нұрлы жер" бағдарламасы тұжырымдамасын таныстырды.

Министр атап өткендей, тұжырымдаманың басым бағыттары: ипотекалық қарыздарды субсидиялау арқылы ипотекалық несие беруді қолдау; құрылыс компаниялары үшін қарыз мөлшерлемесінің бір бөлігін жабу жолымен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру; Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін "револьверлік" қағидаты бойынша несиелік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту; халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін  сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру; қажетті инфрақұрылым жүргізу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.

"Ипотекалық несиелеу нарығын жандандыру мақсатында азаматтарға бастапқы үй сатып алуға екінші деңгейлі банктер беретін ипотеканың пайыздық ставкасының бір бөлігін мемлекеттің субсидиялауы арқылы халықтың сұранысын ынталандыру көзделіп отыр", - деді Бишімбаев.

Банктің сыйақы ставкасын жеті жыл бойы жылына 17%-дан артық емес мөлшерде субсидиялау болжануда. Түпкілікті қарыз алушының ипотекасын 10%-ға дейін төмендету үшін мемлекет сыйақы құнының 7%-на дейін жабуды қамтамасыз ететін болады. Субсидия қаражатын тиімді пайдалану үшін Астана және Алматы қалаларындағы халыққа несие берудің шекті сомасы 20 млн теңгеге және өңірлерде 15 млн теңгеге дейін 15 жыл мерзімге белгіленетін болады. Осындай шартпен ипотека беру кезінде несие бойынша ай сайынғы орташа төлем Астана және Алматы қалаларында 158 мың теңге, өңірлерде 116 мың теңге болады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларын және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтарды несиелік тұрғын үймен одан әрі қамтамасыз ету мақсатында бұрын бөлінген қаражат есебінен "револьверлік" қағидаты бойынша несиелік тұрғын үй салу жалғасатын болады. Жоспарға сай, 15 жыл ішінде 14,7 млн шаршы метр несиелік тұрғын үй салынады, бұл 245 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеді.

Министрдің айтуына қарағанда, ИКИ жүргізуге жыл сайын 80 млрд теңге бөлу ұсынылады, оның 50 млрд теңгесі көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына ИКИ жүргізуге және 30 млрд теңгесі ЖТҚ құрылысына жұмсалады.

ЖТҚ-ны дамыту үшін облыс орталықтарында жаңа пилоттық тәсілді қолдану ұсынылады, оның негізгі міндеттері мынадай: бірыңғай құрылыс салушы арқылы бірыңғай сәулеттік үлгіде жеке тұрғын үй салу; ҮҚК технологияларын қолдану арқылы тұрғын үй құнының қолжетімділін қамтамасыз ету; кезекте тұрған азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдікпен қарыз беру арқылы жеке тұрғын үй құрылысын қаржыландыру.

"Пилоттық жобаға қатысушы кезекте тұрған азаматтар жер учаскесімен бірге және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген дайын үйді өздері сатып алуға немесе оны сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен несие алуға құқылы", – деді Бишімбаев.

Жоспарға сай, "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 1,5 млн астам тұрғын үй, соның ішінде 2017-2019 жылдары 274 мыңнан астам тұрғын үй салынатын болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу