Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заң жобасын таныстырған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"2023 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 17,8 трлн теңге сомасында анықталды. 2024 жылға – 18,1 трлн теңге, 2025 жылға – 19 трлн теңге. Бұл ретте мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі биыл 60%-дан 2025 жылға қарай 78%-ға дейін өсу бойынша белгіленгенін атап өткен жөн. Бюджет тапшылығы 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,7%-ынан 2025 жылы кезең-кезеңмен 2,5%-ға дейін төмендеуімен айқындалған. Бюджет шығыстары келесі жылы 21 трлн теңгені, 2024 жылы – 21,6 трлн теңге, 2025 жылы – 22,6 трлн теңгені құрайды. Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты басымдықтың бірі", – деді Жамаубаев.
Айтуынша бюджеттің әлеуметтік шығыстары артып келеді. Мәселен, осы бағыт бойынша үшжылдық кезеңдегі шығыстар 36,2 трлн теңгені, оның ішінде 2023 жылы - 10,6 трлн теңгені құрайды.
"Әлеуметтік көмекке және қамсыздандыруға 17,6 трлн теңге, оның ішінде келесі жылға 5,2 трлн теңге жоспарланған. Оның 90%-ға жуығы зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жекелеген санаттағы азаматтарға біржолғы қаржылай өтемақы төлеуге арналған", – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі.
Осылайша денсаулық сақтау саласына арналған шығыстар 2023-2025 жылдары 6,7 трлн теңгені, оның ішінде келесі жылы 2,1 трлн теңгені құрайды.
Білім және ғылымды дамытуға бюджет жобасында 11,1 трлн теңге, оның ішінде 2023 жылға 3,0 трлн теңге көзделген.
Бюджет шығыстарының келесі маңызды бағыты экономика салаларын қолдау және дамыту.
Үшжылдық кезеңде осы мақсаттарға 6,1 трлн теңге, оның ішінде 2023 жылға 2,5 трлн теңге қарастырылған.
Осы бағыт есебінен көлік инфрақұрылымын дамыту, таза ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету, бизнесті қолдау және басқа да басым міндеттерді іске асыру жоспарланып отыр.
Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен құқық тәртібін қамтамасыз етуге үш жылға 6,5 трлн теңге, ал 2023 жылға 2,3 трлн теңге көзделген.
"Өңірлік саясат мемлекетті дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл ретте, үшжылдық кезеңде өңірлерге субвенциялар ретінде 16,1 трлн теңге бөлінеді, оның ішінде 2023 жылы – 5 трлн теңге. Бюджет жобасында нысаналы трансферттер 3,7 трлн теңге көлемінде көзделді, оның ішінде 2023 жылы – 1,1 трлн теңге. Жалпы үшжылдық кезеңде өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 19,8 трлн теңге, оның ішінде 2023 жылы – 6,2 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 29,3%-і бөлінеді", – деді Ерұлан Жамаубаев.