Қоқысты құлтемірге тазалатпақшы

1497

Қоқысты құлтемірге тазалатпақшы

Шымкенттік оқушылары кәріз құбырларындағы қоқыстарды тазалайтын робот ойлап тапты, деп хабарлады Baq.kz.

Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің білім алушылары көпшілікті таңғалдыруды тоқтатар емес. Бұл жолы оқушылар кәдімгі кәріз құбырларындағы тұрып қалған қоқыстарды өздігінен тазалайтын робот ойлап тапты. Керемет туындының авторы - мектеп жанынан ашылған "роботехника" үйірмесінің меңгерушісі Берік Мырзабаев. Оқытушыға бұл идея тосыннан келмеген. Қаланың бас ауруына айналған проблеманы шешуге жас маман өз үлесін қосуды жөн көріпті.

"Кәріз жүйелерін тазалайтын роботтың авторы - өзім. Үйірмедегі құштарлығы басым оқушыларды жинап, ұсыныс айттым. Осыдан біраз жыл бұрын роботехника ғылымында жүргендердің басы қосылып, Үнді елінің Ганга қаласын тазалауға қатысты байқау ұйымдастырды. Сонда барлығы ондағы қоқысты роботтың көмегімен ойластыру әдістерін айтты. Содан біз де осы жобаны қолға алдық. Тек біздің роботтың ерекшелігі кәріз құбырларын тазалайтындығында болып отыр", - деді үйірме меңгерушісі.

Өнертапқыш оқушылар құрастырған "құлтемір" жергілікті билік, яғни, Шымкент қаласы әкімдігіндегілерге де ұсынылыпты. Қаланы дамытуға арнап түзілген тұжырымдамадан соң көрме ұйымдастырылып, оқушылар құрастырған робот көпшілікті таңғалдырған екен.

Біздің ойлап тапқан робот өздігінен жүріп-тұрып, өзі қуат ала береді. Бар болғаны, арнайы стансалар орнатылуы тиіс. Шымкент әкімдігі тарапынан жобамыз жоғары бағасын да алды. Әзірге қажеттілікке жарату туралы ешнәрсе айтылмады", - дейді өнертапқыш.

Берік Мырзабаев "ғажайып" туындыны құрастыруға оқушылардың еңбекқорлығының арқасында үш ай уақыт жұмсалғанын айтты. Алғашында оқушылар кәріз жүйелерін тереңінен зерттеген. Мұнан соң іске кіріскен. Үш айда жоба жүзеге асқан. Бірақ олардың туындысы әзірге білімді жетілдіру бағытында құрастырылған. Егер құбырларды тазарту үшін іске қосу керек болса, ондағы материалдарды ауыстыруға тура келеді. Нақтырақ айтқанда, су қысымына төтеп бере алатындай қатты материалдар қойылады. Биліктегілер оқушылардың бұл жобасын қажеттілікке жаратуға бел буса, оқушылар бірнеше данасын жасап беруге дайын. Бір роботты құрастыру шамамен 1 млн теңгені қажет етеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, оған қажетті қатты материалдар қымбат тұрады.

"Құлтемір" кәдімгі телефон секілді қуат алып, белгілі бір қашықтықтағы қоқыстарды тазалайды. Кейіннен арнайы орнатылған бекеттер арқылы қайта қуатталып, жұмысын жалғастыра береді. Айтпақшы, қоқыс тазалаған роботтардың да үстері кірленіп қалатынын назарға алған оқушылар әлгі бекеттерде тазалайтын функциялардың да болатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу