Қоршауы жоқ қоқыс полигондарында мал өлексесі жатыр

386

Аудандардағы қоқыс полигондарының бейберекет қараусыз қалғаны – Жамбыл өңіріндегі едәуір экологиялық мәселеге айналып отыр.

Қоршауы жоқ қоқыс полигондарында мал өлексесі жатыр Фото: inbusiness.kz

Қордай аудан бойынша Сортөбе, Жамбыл ауылы мен Қордай ауылындағы қоршауы жоқ полигондар бейберекет шашылып, елдімекендердің сиқын қашырып тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Елдімекен полигондарын қоршау жұмыстарына 21 686,0 мың теңге бөлініп, үш жыл бұрын темір тордың орнына тереңдігі 2 метрді құрайтын қазу жұмыстары жүргізілген.

Заң талаптары бойынша қоқыс полигондарына резенке дөңгелектер тасталмауы тиіс. Ал Қордай ауылдық қоқыс полигонында бұл талап сақталмаған. Жамбыл ауылында қоқыс алаңында мал өлекселері ашық-шашық жатыр. Сортөбеде полигонның аумағы тар, таудай үйілген қоқыстар сыймауда.

Жалпы Қордай ауданында 41 елді мекен, 19 ауылдық округ бар. Соның 21-інде ауданы 64,52 гектарды құрайтын тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны ашылған. Олардың толық пакет рұқсат құжаттары болғанымен, ішінара талаптарды сақтамайтын бейберекет қоқыс алаңына айналған.

Сортөбе, Бетқайнар, Қарасай ауылдық округтерінде жабылған полигондар қазіргі уақытқа дейін қолданыстан шығарылмаған.

Мәселен, 2017 жылы Бетқайнар ауылдық округінде орналасқан полигонды жабу туралы сот шешімі шыққан. Бірақ әлі күнге дейін қолданыста.

Қордай ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін 3000 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталған. Оның ішінде картон 110 тонна, әйнек 60 тонна, пластикалық бөтелкелер 90 тонна, темір 730 тонна.

Жүргізілген мониторинге сәйкес, бүгінге дейін тұрмыстық қатты қалдықтардың түзілу көлемі 9030 тоннаны құрайды.

Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, ҚР "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Кодексінің 505 бабына сәйкес, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарында абаттандыру қағидаларын бұзған 599 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. 567 ескерту беріліп, 1 миллион  92 мың теңгеге айыппұл салынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу