Қостанайда 50 млрд теңгеге бидайдан түрлі өнім шығаратын алғашқы зауыт ашылмақ

246

Бүгін Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі аясында қазақстандық Kaz Food Products компаниясы қытайлық компаниямен зауыт салу бойынша келісімге келді.

Қостанайда 50 млрд теңгеге бидайдан түрлі өнім шығаратын алғашқы зауыт ашылмақ Фото: aikyn.kz

Зауыт қазақстандық компания қаражаты, IFC (Әлемдік банк еншісінде) сынды шетелдік қаржы институттарынан қарызға алынған ақша есебінен салынады, деп жазады Inbusiness.kz.

"Біз кейінгі кездері қытай инвесторларының Қазақстанға деген қызығушылығы артқанын көріп отырмыз, әсіресе агроөнеркәсіп, азық-түлік өнеркәсібі мен газ-химия, металлургия салаларына басымдылық беріледі. Егер бізде әріптестерімізбен нақты іске асатын жобаларға келер болсақ, мысалы, бидайды терең өндеу технологиялары Қазақстанға әкелінеді. Қазақстан әлемде бидай өндірісі бойынша жетекші орын алғанымен, бізде одан өзге де қажетті дүниелер жасау жағы ақсаңдап келеді — біздің елде терең өндеу көрсеткіші 1-2%-дан аспайды, сәйкесінше қытайлықтар қазір біздің елді ірі агрокешен салуға қызығушылық танытып отыр", – деді Kazakh Invest өкілі Алжан Естемесов.

Осыған орай бүгін кеңес аясында Kaz Food Products компаниясы Қосатанай облысы әкімдігі, қытай тарапы, Baiterek Venture Fund-пен ортақ меморандумға қол қойды. Оның аясында Қостанайда жаңа өндіріс орны ашылмақ.

"Біз Қостанай қаласында бидайды терең өндеумен айналысатын жаңа зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Оның қуаттылығы — күніне 1200 т бидай өнделеді. Бүгін іскерлік кеңес аясында біз Қосатанай облысы әкімдігі, қытай тарапы, Baiterek Venture Fund пен біздік компания арасында меморандумға қол қоймақпыз. Біз Қытайдың технологиясын әкелу арқылы таптырмас лизин (мал жеміне қажет аминқышқыл) сынды дүниелерді өндіреміз. Бүгінгі таңда лизин – 100% импортталатын тауар, біздің елде мұндай өндіріс жоқ. Одан бөлек бидайды түту арқылы крахмал, глютен, биоэтанол, жем, шәрбат алуға болады", – KFP бас директоры Талғатбек Алихан.

Компания басшысының айтуынша, жоба құны 50 млрд теңгені құрайды. Өндіріске 600-ден астам адамды жұмысқа тарту жоспарланған. Қазір жобалау-сметалық құжаттар жасалып жатыр – оның өзі бір жылға созылуы мүмкін, сондықтан келесі жылы басталатын құрылыс шамамен 2 жылға созылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу