Inbusiness.kz тілшісі жүз жасаған ақынның ұлттық аспабы Қызылорда облысына қалай келгені туралы ізденіп көрді.
Өйткені, Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясынан орын алған құнды жәдігердің Қызылорда топырағына қайдан келгені, кім әкелгені қызық оқиға.
Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының меңгерушісі Ғалымжан Құлымбай "құнды жәдігердің көздің қарашығындай қорғап, болашаққа аманаттау – міндетіміз" деп отыр. Сондай-ақ, ол музейде 7000-ға жуық құнды жәдігер барын, солардың бірі – жыр алыбы Жамбылдың домбырасы екенін жеткізді.
Фото: Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі
"Аудандық музейдің тарихы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан басталады. Музейдің ашылуына З.Салықбаев, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, А.Тілеулиев сынды ауданның бірқатар зиялы қауым өкілі себеп болды.
Соғыс және еңбек ардагері Орынбай Сарманов пен аудандық "Жаңадария" газетінің әдеби қызметкері Ахмет Тілеулиев ауданның елді мекендері, Қарақұм мен Қызылқұм бағыттарына экспедицияларға шығып, түрлі жәдігерлерді жинақтады. Оларды аудандық мәдениет үйінің бір бөлмесіне сақтағанымен, музей үшін арнайы жеке ғимарат бөлу, музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасау, сол жоспар бойынша экспозиция жасақтау жұмыстары түрлі себептермен жүзеге аспады. Жиналған құнды заттар, құжаттар мен суреттердің бірсыпырасы аласапыран 90-жылдары ұшты-күйлі жоғалып кеткені бар", - дейді ол.
Десе де, 1998 жылы аудандық музейді ұйымдастыру жұмыстары қайта жанданып, тарихи ғимараттардың бірі жаңадан ашылатын музейдің балансына берілген.
2006 жылы көрнекті ғалым, әдебиеттанушы Мардан Байділдаевтың қызы Жанат Марданқызы домбыраны музейге өткізген. Ал, домбыра фольклортанушының қолына қалай түсті?
Тектінің тұяғы Жанат Марданқызының айтуы бойынша, Жамбыл Жабаевтың домбырасын 1982 жылы Қармақшыда ұйымдастырылған республикалық жыр додасына құрметті қонақ ретінде шақырылған Жамбылдың немересі Әлімқұл Жамбылов өз қолымен фольклортанушыға сыйға берген көрінеді. Жалпы, Әлімқұл да – өз дәуірінде жақсы айтыс жасап, көпшіліктің көңілінен шыққан ақын.
Фото: Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі
Бұл домбыраның бір ерекшелігі – шанағының жалпы пішіні бесбұрышты. Яғни, "жетісулық" пішінде жасалған.