"Лифт неге қосылмайды! Қалай өтеміз, мүгедектер?" Мүмкіндігі шектеулі азамат мұңын шақты

Мүмкіндігі шектеулі жан жеделсатының есігіне жергілікті билікке ескерту жазып кеткен.

"Лифт неге қосылмайды! Қалай өтеміз, мүгедектер?" Мүмкіндігі шектеулі азамат мұңын шақты Фото: inbusiness.kz

Қызылордада былтыр пайдалануға берілген жаяу жүргіншілер көпірінің жеделсатысы әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген. Өткен жылы Тәуелсіздік күнінде ашылған нысанға бюджеттен 268,1 миллион теңге бөлінген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Журналист, мүмкіндігі шектеулі азамат Сәкен Алдашбаев қала аумағындағы мұндай көпірлердің ешқайсысы талапқа сай келмейтінін айтып отыр. Қолданысқа берілмегеннін де сонымен байланыстырады.

– Қаламызда 3-4 жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсатысы қамтылған көпір бар. Алайда, олар тек арбаға танылған жандарға ғана есептеген. Яғни, арбадағы ерекше жандарға арнайы карта береді, сол арқылы жеделсатыны пайдалана алады деп жоспарланған. Бірақ, екінші, үшінші топтағы мүгедектерге бұл қолжетімсіз. Сондай-ақ, басқа қалалардан, аудандардан келетін ерекше жандарға да қызмет көрсете алмайды. Тағы бір мәселесі, бұл лифт қарт кісілерге де қолжетімді болуы керек, – дейді ол.

Шынында, екі шағын ауданды байланыстыратын жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы басталмай тұрып түрлі пікір айтылған-ды. Әуелде, көпір емес, теміржол астынан өткел жасалады деген де ақпарат айтылған. Тіпті, "көлік өтуге арналған үлкен көпір құрылысы басталады" деген де жаңалық тараған.

Жақында ғана мүмкіндігі шектеулі азаматтың лифт есігіне "Лифт неге қосылмайды! Қосыңдар! Қалай өтеміз, мүгедектер!?" деп жазғанын байқадық. Бірақ, жазудың авторы кім екені белгісіз.

Мүмкіндігі шектеулі азамат Сәкен Алдашбаев жеделсатылардың адам өміріне қауіпті екенін жеткізді. Мұндай нысанды кім және қалай қабылдап алғанына наразы.

– Ең өкініштісі, бұл жеделсатылар мүгедектердің өміріне өте қауіпті. Ішін көрсеңіз, лифт көтерілген уақытта қабырғалары қолды жарақаттауы мүмкін. Жалпы айтқанда, үлкен ғимараттардағы техникалық жеделсатыны әкеле салған сияқты. Мүмкіндігі шектеулі жанның жанында көмекшісі болуы керек, бірақ ол жер өте тар, тек арбадағы жаннан басқа ешкім сыймайды. Мұны ешкім ескермеген. Көпірді кімдер, қалай қабылдағанын мен білмеймін. Меніңше, лифтіні қауіпсіз ету керек. Содан кейін басқа мүгедектер мен қарт кісілерге қолжетімді етуді қарастыру қажет. Десе де, ең маңыздысы бұған дейінгі қателіктер үшін кім жауап береді? Неге мүгедектерге қолайсыз болған, олар пайдалануға жарамаған жеделсаты қайта жөнделеді? Мұны қабылдап алған адамдарға ескерту беру керек шығар, мүмкін қызметіне сәйкес еместігі қаралуы керек шығар. Жаяу жүргіншілер көпірінің жедалсатысына қаралған қаржыны кім өтейді? Меніңше, нысанды тексермеу, қателік жіберген адамдарға осыны түзеттірмеу – сыбайлас жемқорлықтың бір сипаты, – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу