Беларусь президенті Александр Лукашенко Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Валерий Вакульчикті, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Андрей Равковты, сонымен қатар Мемлекеттік бақылау комитетінің басшысы Иван Тертельді қызметінен босатты. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.
Ресей премьер-министрі Михаил Мишустиннің осы елге делегациямен бірге сапары қарсаңында осындай ауыс-түйіс жасалғаны белгілі болды.
Еске сала кетсек, алдағы екі аптаның ішінде Лукашенко Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі.
9 тамызда өткен сайлаудан кейін Беларусьта ереуілдер шарпыды. Бастапқыда құқық қорғаушылар наразы топты тарқату үшін көзді жасаурататын газ, суатқыш, резеңке оқ қолданған. Ресми дерек бойынша, 7 мыңға жуық адам қамауға алынған. Тәртіпсіздіктер салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын, 130 құқық қорғаушы жарақат алып, 3 адам қаза тапқан.
Табиғат Нұрболат