Беларусь президенті Александр Лукашенко күні бойы өз резинденциясында жұмыс істеді, ереуілшілер келгенде де сол жерде болды, содан кейін тікұшаққа мініп, қаланы аралап шықты. Резиденциясына оралып, жұмысын жалғастырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт мәлім етті.
"Күні бойы таңертеңтен бері мемлекет басшысы тәуелсіздік сарайында болып, жағдайды бақылап отырды. Ереуілшілер ғимаратқа баса-көктеп кірмекші болғанда да, сарайда жұмысын жалғастырды", – деді Эйсмонт.
Оның айтуынша, бас көтергендердің батылдығы ұзаққа созылмаған, олар алда не болатынын көргеннен кейін, артқа шегініп қашқан көрінеді.
"Содан кейін президент тікұшаққа мініпі, қаланы аралап шықты. Биіктіктен митингті көріп, жағдайды бақылады. Сарайға оралғаннан кейін президент ғимаратты қорғаған сарбаздарды және ЕММЖ қызметкерлеріне алғысын білдірді", – деді баспасөз хатшысы.
Эйсмонттың сөзінше, Лукашенко бұрын уәде еткендей ешқайда қашып кетпеген. Сонымен қатар президенттің қасында балаларының болғанын мәлім етті.
Еске сала кетсек, 9 тамызда Беларусьта өткен президент сайлауынан кейін елді жаппай ереуілдер шарпыды. Саяси додада қазіргі президент Александр Лукашенко дауыстың 80%-ын жинап, басым түскен еді. Ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская дауыстың 10,09%-ын жинады. Бірақ оппозиция сайлауда Лукашенко емес, Тихановская жеңді деп отыр.
Сайлаудан кейінгі ереуілдерде құқық қорғаушылар наразы топты тарқату үшін көзді жасаурататын газ, суатқыш, резеңке оқ қолданған. Ресми дерек бойынша, 6,7 мыңға жуық адам қамауға алынған. Бірақ оның басым бөлігі кейін босатылды. Тәртіпсіздіктер салдарынан жүздеген адам, 120 құқық қорғаушы жарақат алып, 3 адам қаза тапқан.
Табиғат Нұрболат