Беларусь президенті Александр Лукашенко Ішкі істер министрлігінің 300 қызметкерін "Мінсіз қызмет еткені үшін" деп аталатын медальдармен марапаттау туралы құжатқа қол қойды. Оларға бірінші, екінші, үшінші дәрежелі медаль беріледі. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.
"Қызметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындағаны үшін" деп аталатын жарлық 25 беттен тұрады, оған президент 13 тамызда қол қойды.
Еске сала кетейік, 9 тамызда Беларусьта өткен президент сайлауынан кейін елді жаппай ереуілдер шарпыды. Саяси додада қазіргі президент Александр Лукашенко дауыстың 80%-ын жинап, басым түскен еді. Ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская дауыстың 10,09%-ын жинады.
Сайлаудан кейінгі ереуілдерде құқық қорғаушылар наразы топты тарқату үшін көзді жасаурататын газ, суатқыш, резеңке оқ қолданған. Бірақ соңғы күндері бас көтергендерді ұрып-соға бастады.
Ресми дерек бойынша, 6,7 мың адам қамауға алынған. Бірақ оның басым бөлігі кейін босатылды. Тәртіпсіздіктер салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын, 120 құқық қорғаушы жарақат алды. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қақтығыс кезінде 2 адам қаза тапқан.
Табиғат Нұрболат