Маңғыстау облысының Қызылтөбе ауылында қордаланған мәселе жетерлік

805

Маңғыстау облысының Қызылтөбе ауылында қордаланған мәселе көп, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.  

Маңғыстау облысының Қызылтөбе ауылында қордаланған мәселе жетерлік

Соның негізгісі – ауыз су. Ауыл тұрғындары тіршілік нәрін әлі күнге дейін құдықтан тасып ішеді. Оған себеп – құрылысы екі жыл бұрын аяқталған су құбырлары тұрғын үйлерге жалғанбаған. Көшелерде жарық жоқ. Қоғамдық көлік те тапшы.

Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе ауылында 2 жыл бұрын су құбырлары тартылды. Тіршілік нәрі үйлеріне дейін жететін болды деген халықтың қуанышы қазір су сепкендей басылған. Құбырдан әлі күнге дейін бір тамшы су ақпады. Көлікпен құдықтарына құйдырып ішуде. Сыйымдылығы 4 мың текше метр болатын бір көлік су қыста 2 мың 200 теңге тұрады. Жазда оның бағасы бірден 4 есе көтеріледі.

Қызылтөбе ауылының тұрғыны Райгүл Қонысова: "Жазда су тапшы болды. 10 мың теңге дейін барды. Қалтамыз көтермеді. Қыста да сол көлікпен тасып ішеміз. Құбырларды қазып кетті ғой. Әлі су жоқ", – дейді.

Ауылда газ құбырынан төнген қауіп бар. Жер астынан жүргізілген газ жүйесі ашық-шашық қалып, қоқысқа көмілген.

 "Газ құбырының жан-жағын таспен өріп кетті. Оның іші қағаз бен қоқысқа толды. Шырпы тисе, жарылады. Үйден балалар шығып та үлгермейді. Қорқынышты жағдайда отырмыз", – деп мұңын айтты Талғат Төлегенов.

Қызылтөбедегі кезекті мәселе көшеде жарықтың жоқтығы. Түнде ауыл тас қараңғы. Ал қоғамдық көліктер тапшы. Автобустардың жетіспеушілігінен қалаға қатынау қиындады. Әсіресе оқушыларға оңай болмай тұр. Барлық мәселе туралы аудан әкімі қанық. Оны шешу үшін не істелмек?

Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров: "Биыл су жібермеген себебіміз: су тұщыту зауытынан өнім жетпеді. Қосымша 20 автокөлікпен тасыдық, құбырмен бере алмадық. 2022 жылы қосамыз. Газды реттеуді жаңа жылдан жоспарлап отырмыз. "Қазтрансгазаймақпен" жер астынан қазып алып, жер үстіне шығарамыз", – деді. 

Ауыл ішін жарықтандыру кезең-кезеңмен шешіледі. Ал қоғамдық көлікке қосымша екі автобус беріліп, тасымалдағы түйін тарқатылады деп сендірді әкім.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу