Марқакөл аудан болу үшін 10 миллиардқа жуық қаражат керек

447

Марқакөлдің аудан болып қайта құрылуын осындағы халықтың бәрі күтіп жүр.

Марқакөл аудан болу үшін 10 миллиардқа жуық қаражат керек Фото: Inbusiness.kz

Шығыс Қазақстандағы Марқакөл мен Катонқарағай аудан болып қайта бөлінеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

26 жыл бұрын көрші аудандардың құрамына еніп, оңтайландыру саясатына іліккен қос ауданның халқы бұл күнді ұзақ күтті. Биыл президент айтқан соң, алыстағы ауыл тұрғындары бір серпіліп қалғаны рас. Өйткені, бөлек аудан атанып, еншімізді алсақ ел әлеуеті артар, деп үміт етеді.

Марқакөл облыс орталығы Өскеменді айтпағанда, қазіргі аудан орталығы Күршімнен ары 200 шақырым жерде. Жол алыс, жер шалғай. Аудан статусынан айырылған соң, бұл өлкеден көп адам көшіп кетті. Мәселен, 1997 жылы тұрғындар саны  21 800 болыпты. Қазір 7551 адам қалған. Яғни шекарадағы өңірдің халқы 64 пайызға азайған. Мұны ондағы ел әлеуметтік-экономикалық жағдайларының төмендеп кетуімен байланыстырады.

"Ой бізде ауылда көп проблема бар. Жол міне бізде қиын болды. Балшыққа батып жүреміз. Су тасығанға да қиын болды. Сондай жағдай. Одан кейін көмір міне, жағдайы тағы ауыр болып тұр. Көмірдің тоннасын 35 мыңға аламыз", - дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Қарлығаш Мүкеева.

Тауар бағасының қымбат болуы түсінікті. Саудагерлер тасымалдау құнын қосады. Ауыл азаматтарының бәрі қажетті заттарын аудан немесе облыс орталығына барып сатып ала алмайды. Сондықтан отырып қалған ел азын-аулақ тапқан-таянғанымен күн көреді.

Ауылдың орталық көшелерінің өзінен көп адамды көрмейсіз. Себебі мектеп бітірген соң жастар қалалы жерлерге кетіп қалады. Ол жақтағы оқуын аяқтаған соң, мұнда оралып жатқандары өте аз. Сонау 97 жылдары Марқакөл ауданының орталығы осы Марқакөл ауылында 7 мыңнан астам адам тұрған. Ал қазір мұндағы халықтың саны 3 мыңға да жетпейді.

Марқакөлдің аудан болып қайта құрылуын осындағы халықтың бәрі күтіп жүр. Себебі, ауылдың қарапайым тұрғындары жұмыс табылса әлеуметтік жағдайы түзелер деп үміттенеді.

"Құрылмайтын болса онда бір адам қалмайды. Бәрі көшеді. Өз басым да көшемін. Кететін болып отырмын. Өйткені маған жағдай жасайтын ешкімім жоқ", - дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Альмира Аманжолова.

Экономика саласының мамандары мемлекет басшысының бұл шешімін құптайды. Кезінде кей аудан мен ауылдарды жабу қазынадағы қаржыға қарай әрі өңірлерді дамытудың тиімді жолы ретінде қарастырылғаны белгілі. Ендігі әрекет мүлдем басқа.

"Аудандағы кәсіпкерлікке де мемлекеттік жәрдем бойынша дамуы немесе ауыл шаруашылығы дамыту қорлары бөлімшелері ашылады. Салықтық бөлімшелер ашылады. Осының барлығы сол ауданға инвестиция келуіне әсер етеді", - дейді Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаев.

Маманның айтуынша, аудан халқын көбейту де қиын емес. Кезінде белгілі себептермен көшіп кеткендер қайта оралса орала жатар. Бірақ, халық тығыз орналасқан оңтүстіктегі елді көшіріп әкелу де артық болмас еді, дейді. Ал жергілікті билік қазір жаңа ауданның құжаттарын рәсімдеп жатыр. Жекенің қолына өтіп кеткен нысандарды әкімшілік ғимарат ету үшін сатып алу жолдары қарастырылады. Келер жылға керек қаражатты да есептеп қойған.

"Бұрынғы Марқакөл ауданы бірнеше ауылдан тұрады. Сондықтан әр ауылдың өзінің берілген жобалары бар. Сол бойынша бүгінде 9 миллиардтан астам қаражат қажеттілігі бар", - дейді Марқакөл ауылының әкімі Рүстембек Кемешов. 

Бірақ облыстық басқармадағылар Марқакөлге ауыл әкімі айтқандай ақша берілмейді. Шығыс өңірінің экономикасына жауаптылар әрбір жұмсалатын теңгені тиынына дейін санадық, деп отыр.

"Экономикалық есеп бойынша 14 миллиард теңге қажет. Оның ішінде Марқакөл ауданына 7 жарым миллиард теңге, Катонқарағай ауданына 6 жарым миллиард теңге", - дейді Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Бельбаев.

Тағы бір үлкен мәселе  мемлекеттік қызметшілердің жайы. Қайта құрылатын Катонқарағай мен Марқакөл аудандарына 112 маман қажет. Оларға ерекше жағдай жасалмаса, алыстағы ауылға баруға көп адамның құлқы соқпайтыны белгілі.

"Шекаралы аймаққа ерекше бір жағдай жасалса. Мысалы еңбекақы құны біраз өсетіндей қылып, содан кейін ауылшаруашылық бойынша әртүрлі жеңілдіктер жасалса. Кредит бергенде оның процентін азайтып, жер алу сұрақтары бойынша, содан кейін жұмыс өтілін бір жылды бір жарым жылға дегендей. Сондай ерекше жағдай болатын болса Марқакөл жақта жұмыста проблема болмайды деп ойлаймын", - дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.

Дәл қазір шекарадағы халықтың әлеуметтік жағдайы өте жақсы  деп, айтуға келмейді. Олай дейтініміз, біз кездесіп, тілдескен жандардың бәрі шекеміз қызбаса да шыдамдылық танытып отырмыз дегенді айтты. Рас, бәрі жайлы болса ол жақтан ешкім үдере көшпес те еді. Жалпы шығыстағы Катонқарағай мен Марқакөл еліміздің ең шұрайлы жерлерінің бірі. Бұл тек туризм саласы үшін емес, өзге де кәсіп пен шаруаны шыр айналдыруға таптырмас мекен екені ондағыларға аян.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу