Мәселенің шешілуін қасақана шегеру жемқорлықтың бір белгісі

1431

Пара беруге негіз болған 70 себеп аталды.

Мәселенің шешілуін қасақана шегеру жемқорлықтың бір белгісі

Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының сарапшылары "Ашық диалог" порталына келген 568 өтінішті қарастырып, еліміздің әр өңірінде тұратын 9 мың адам арасында сауалнама жүргізді. Зерттеулер нәтижесінде Қазақстандағы жемқорлықтың негізгі себебі – қағазбастылық екені белгілі болды.  

Сауалнамаға қатысқандардың үштен екі бөлігі қандайда бір ведомства қызметкері жемқорлыққа жол бергісі келсе, мәселенің шешілуін әдейі созып, қағазбастылыққа сүйеп, қызметін асыра пайдаланатынын айтқан. Оған қоса респонденттер пара беруге негіз болған 70 себепті атаған. Бұлардың ішінде жиі кездесетіні: жақсы дәрігердің қабылдауына кіру, жұмысқа тұру, жер учаскесін рәсімдеу, баланы балабақшаға орналастыру.  Сондай-ақ, респонденттер мұндай заң бұзушылықтар бөлім мамандары деңгейінде жиі орын алады, дейді. Бұл ретте, берілетін пара көлемі 500 теңгеден басталып, 500 мың теңгеге дейін барады екен. 

Аталған сауалнамаға кәсіпкерлер де қатысқан. Олардың пікірінше, жемқорлыққа Нұр-Сұлтан, Алматы, Алматы облысы, Шымкент, Маңғыстау облысы, Қарағанды облысы мен Атырау, Қызылорда облыстары жиі жол береді. Бизнес иелері салық органдары, жер қатынастары басқармасы, аудан әкімдіктері мен өрт қауіпсіздігі қызметінде парақорлық фактілері көптеп орын алатынын да ескерткен.

"Кәсіпкерлер рұқсат беретін құжаттар, өрт қауіпсіздігі тексерісі, құрылыс үшін жер учаскесін алып, оны рәсімдеу барысында, кедендік бақылау кезінде мәселені бейресми жағдайда шешетіні белгілі болды", – дейді Transparency Kazakhstan баспасөз қызметі .  

Сонымен қатар, респонденттердің жартысынан көбі, яғни, 54,4% -ы соңғы жылдары парақорлық деңгейінің төмендегенін айтқан. Ал сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 76%-дан астамы елімізде жемқорлықсыз, бизнесті заңды жолмен  жүргізуге болады деп есептейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу