Мәулен Әшімбаев "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрықты қолдады ма?

1099

"Сенат спикері, Конституция бойынша биліктегі екінші адам Мәулен Әшімбаев қаңтар оқиғасы кезінде президенттің "ескертусіз оқ ату" туралы бұйырығын қолдады ма?". Парламент қабырғасында журналистер жоғарғы палата төрағасы Мәулен Әшімбаевқа осындай сауал қойды.

Мәулен Әшімбаев "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрықты қолдады ма?

Әшімбаевтың айтуынша, құқық қорғау органдары қаруды контртеррористік режим "енгізілгеннен кейін" қолдана бастаған. 

"Елде қалыптасқан жағдайдан кейін Президент екі палатаның төрағасымен кеңесті, консультациялар болды, содан кейін жарлықтарға қол қойылып, заңды түрде төтенше жағдай режимі жарияланды. Енді келесі мәселе. 6 қаңтарда контртеррористік режим енгізілді. Ол бостан-босқа енгізілмейді. Мемлекетке, адамдарға қауіп төнгенде ғана енгізіледі. Мұндай жағдайда, (террористер өздеріне қарсы оқ атқанда) құқық қорғау органдарының, заңға сәйкес, қару қолдануға мүмкіндігі бар. 5-і күні түнде болған Қауіпсіздік кеңесінде осы мәселе қаралды. Режимді енгізуді Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері қолдады. Президенттің жарлығымен, заң аясында осы режим жарияланды", – деді Әшімбаев.

Ал Әшімбаев осы Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі.

"Қазақстан Республикасының Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті қалыптастырады. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы (бұдан әрі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы), Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері болып табылады", – деп жазылған президенттің ресми сайтында

Әшімбаевтың айтуынша, контреррористік режимді енгізуден басқа жол болған жоқ. "Террористер" мен "содырлар" әуежайды "басып алған", басқа да стратегиялық нысандарды "басып алуға тырысқан".

"Айта кету керек, құқық қорғау органдарына, әскерилерге бейбіт халыққа оқ ату туралы бұйрық берілген жоқ. Абайсызда оқ тигендер бар. Әр фактіні жеке тергеу керек", – дейді Әшімбаев. 

Президент сөзінде "бейбіт халыққа оқ атуға болмайды" деген трактовка болмаған. Бірақ ол "террористер" қарапайым халыққа "қару қолданып жатқанын" айта келіп, ескертусіз оқ атуға "бұйрық бергенін" мәлімдеген.

"Террористер әлі күнге дейін мемлекеттік және жеке мүлікке зиян тигізіп, азаматтарға қарсы қару қолданып жатыр. Мен құқық қорғаушылар мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім. Қылмыскерлермен, кісі өлтірушілермен қандай келіссөз болуы мүмкін. Біз қаруланған және дайындықтан өткен содырлармен бетпе-бет келдік. Олардың арасында жергілікті және шетелдік азаматтар да бар. Олар нағыз бандиттер және террористер. Сол себепті олардың көзін жою керек. Жақын арада бұл іске асады", – деген болатын Тоқаев.

Ел ішінде, прессада оқ тиіп көз жұмған адамдар туралы ақпар шығып жатыр. Билік құқық қорғау органдарының оғынан қаза тапқан адам бар-жоғы туралы ресми ақпар әзірге берген жоқ.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу