Мәжілісте асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері талқыланды

1025

Депутаттар қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру мәселелерін шешу үшін жүйелік көзқарасты жасап шығаруды ұсынды.

Мәжілісте асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері талқыланды

Бүгін Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды.

Республикадағы асыл тұқымды істі одан әрі қайта реттеуге бағытталған түзетулер туралы Ауыл шаруашылығының вице-министрі Гүлмира Исаева баяндады. Айтуынша заң жобасында "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекске және ҚР "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы", "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңдарына 80-нен астам өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Мал шаруашылығында тиімділікті арттыру мақсатында өсіріліп отырған малдардың тұқымдарының генетикалық әлеуетінің деңгейін және республикада малдардың өнімділік деңгейін арттыру мен мал басының өсу қарқынын жеделдету бойынша селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді жетілдіру қажет. Ол үшін ірі қара малдың асыл тұқымды құндылығын бағалау индексі қағидаларын, молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу қағидаларын, асыл тұқымды жылқыларды ипподромдарда сынау, сондай-ақ асыл тұқымды тұқымдық бұқаларға өз өнімділіктері бойынша және (немесе) ұрпағының сапасы бойынша бағалау жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша түзетулер енгізілуде.

Сонымен қатар республикандық палаталардың жауапкершілігін заңды деңгейде бекіту туралы жаңа бап қарастырылуда. Асыл тұқымды және дистрибьютерлік орталықтардың, бонитерлердің, техник-ұрықтандырғыштардан және эмбриондарды транспланттау жөніндегі мамандардың жұмысын жеңілдету мақсатында олардың қызметтерін басталғаны немесе аяқталғаны туралы хабарламаларды қабылдау тоқтатылады.

Сондай-ақ Заң жобасында Қазақстан Республикасының заңнамасын Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласын құқықтық реттеудегі олқылықтарды, қайшылықтар мен коллизияларды, сондай-ақ тиімсіз іске асырылып жатқан нормаларды жою бойынша түзетулер көзделеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу