Мемлекеттік қарыз алу елдің жағдайы нашар дегенді білдірмейді – Үкімет басшысы

Олжас Бектенов бүгін көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. 

Мемлекеттік қарыз алу елдің жағдайы нашар дегенді білдірмейді – Үкімет басшысы Фото: Үкімет

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрге "Қазақстан неліктен шетелден қарыз алады?", "Еліміздің қазіргі уақытта қанша қарызы бар?" деген сауалдар қойылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, экономикасы әлдеқайда мықты елдердің де сыртқы қарызы бар. 

– Шын мәнінде, жалпы ішкі өнімнің 21,1% мөлшерінде мемлекеттік қарыз болуы қалыпты. Халықаралық стандарттар бойынша бұл – төмен көрсеткіш. Көптеген елде экономика бойынша мемлекеттік қарыздың деңгейі ЖІӨ-нен 100%-дан да асады. Экономикасы ірі Еуропа елдерінде шамамен 80% деңгейінде, ал бізде бұл көрсеткіш – 21%, – деп сендірді Олжас Бектенов.

Содан соң Премьер-министр мемлекет не себепті қарыз алатынын түсіндіріп көрді. Ол Халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу, белгілі бір салаға шоғырланған инвестиция салуға мүмкіндік беретінін алға тартады. 

– Мысалы, қазір біз Ислам даму банкімен жұмыс істеп жатырмыз. Мақсат – су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, яғни су қоймалары, каналдар және тағы басқа нысандарды жаңғыртуға несие алу. Аталған жобаға 1 миллиард доллардан астам қаражат қарастырылған. Әрине, бұл проблеманы республикалық бюджет есебінен де шешуге болар еді, жыл сайын мүмкіндігімізге қарай қаржы бөліп, инфрақұрылымды 10-20 жылда салар едік. Бірақ тиімді шарттармен қаржы тартып, инфрақұрылымды бірден салып алу әлдеқайда тиімді. Кейін бюджеттен несиені пайыздарымен бірге біртіндеп өтейміз. Пайыз мөлшерлемесі – шамамен 3% доллармен есептегенде, бұл нарықтағы қалыпты, қолайлы шарт, – деді ол.

Олжас Бектенов "елдің қаржылық жағдайы нашар болғандықтан сырттан қарыз алмайды, бұл – халықаралық қалыпты тәжірибе" деп есептейді. 

– Жыл сайын бюджеттен қарызды өтеуге қаражат бөлінеді. Бұл – қалыпты жағдай. Мемлекеттік қарызбен жұмыс істеу керек. Біз бұл бағытта белсендіміз. Қаржы министрлігінде арнайы бөлім бар. Онда нағыз кәсіби мамандар жұмыс істейді. Олар мемлекет атынан алынатын әрбір несиенің келісімшартын мұқият зерделеп, еліміз үшін тиімсіз шарттардың болмауын қадағалайды. Бұл – Үкіметтің тұрақты бақылауында, – деп қосты Үкімет басшысы. 

Баспасөз мәслихаты барысында журналистер Премьер-министрден еліміздің сыртқы қарызы туралы сұрады. Өз кезегінде Олжас Бектенов нақты соманы айтпаса да, бірнеше дерек бере кетті. 

– Дәл қазір нақты соманы айту қиын. Бірақ биыл ауқымды сыртқы қарызды өтеу жоспарланып отыр. Тек шілде айының өзінде шамамен 2 триллион теңге төлеуіміз керек. Биыл несиелік төлем шоғырланған кезең деуге болады, 2026 жылы ол төлемдер азая бастайды, – деп нақтылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу