Министр Ақтоты Райымқұловаға күй зерттеушісі ашықхат жолдады

1343

Күйші, күй зерттеушісі Рүстем Нүркенов Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атына ашықхат жолдады. 

Министр Ақтоты Райымқұловаға күй зерттеушісі ашықхат жолдады

Хат иесі күй өнерінің қолдау таппай келе жатқанын айта келе, Күйтану ғылыми-зерттеу институтын құруды ұсынды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Атадан балаға дарыған өнер деп мақала жазғанда, биік мінберден сөйлегенде дардай боламыз, бірақ сол өнерді қолдауға келгенде үнсіз қалып жатырмыз. Иә, күйшілік өнер өлімші халде. Жо-жоқ күй тартылып жатыр. Қазіргі орындаушылардың деңгейі өте жақсы. Тіпті Құрманғазы тіріліп келсе, біздің домбырашыларымыз тартқан "Сарыарқа" мен "Балбырауынға" ілесе де алмас еді. Менің айтпағым тек күй тарту жылдамдығы емес. Айтып отырғаным – күйді толық, бірыңғай зерттеу нысаны ретінде қарастыру", - дейді Нүркенов.

Оның айтуынша, біркүндік шеберлік сағаттары, жазылған бірақ түсіндірілмейтін методикалық пособиялар "есеп үшін ғана керек сияқты".

"Мен тек бір ғана шешім көріп отырмын. Бұл - КҮЙТАНУ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫН құру. Иә, жеке институт. Ешбір мекеме ішіндегі бөлімі емес, жеке заңды тұлға, өз БИН, өз есепшоты бар мекеме керек. Тікелей МКС-ке бағыну керек. Бұл институтта орындаушылық өнер, күйді нотаға түсіру, күйді қолдан алу, күй теориясы, күй тарихи, күйшілер тарихы сияқты басқа да көптеген мәселелер зерттеп-зерделеніп, ғылыми тұрғыдан насихатталуы керек.  Мысалға, қарапайым халық демей-ақ қоялық, оқыған дипломы бар өнерпаздар Динаның "Төремұратын" немесе Ғылман Әлжанов жеткізген "Адайды" білмейді. Бұл Құрманғазы күйіне ғана қатысты. Басқа күйшілер мұрасын қарасақ тіпті жыларман күйге жетеміз", - деп жазады Нүркенов.

Ол сөзін былайша түйіндейді: "Құрметті министр, өмірдің заңы бойынша буын алмасып жатыр. Құрманғазыны көргендердің бүгінде аудиосы ғана қалды. Одан кейінгі буынның видеосы ғана сақталған. Енді соларды көрген үлкендерді мейлінше зерттеп қалайық. Құр сөз емес, нақты ғылыми мұра ретінде қалдырайық". 

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу