"Монополияға әкелу қаупі бар": Асхат Аймағамбетов такси қызметіне қатысты заң жобасын сынады

343

Ол заң жобасы үлкен толықтырулар мен өзгерістерді қажет етеді деп отыр. 

"Монополияға әкелу қаупі бар": Асхат Аймағамбетов такси қызметіне қатысты заң жобасын сынады Фото: Ақмешіт жастары

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов такси қызметіне қатысты Көлік министрлігі әзірлеген заң жобасын сынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

"Көлік министрлігі механизмдері анықталмаған, дұрыс талқыланбаған заң жобасын бізге – Парламентке енгізді. Бұл жобада 100 мыңдаған таксистерден ай сайын ақша төлеуді міндеттеу ұсынылған. Бұл такси қызметінің құнын барлық тұтынушылар үшін қымбаттатар еді. Оны не үшін жасап жатыр, ол не береді деп сұрағанымызда, қауіпсіздік деген жауап алдық. Сонда ондаған миллиард теңге біреудің қалтасына түссе, ол қауіпсіздікті қалай күшейтеді? Түсініксіз. Депутаттар бұл норманы заң жобасынан алып тастады. Жарайды, бір мәселе шешілді. Бірақ бұнымен жобаның кемшіліктері аяқталған жоқ. Иә, тасымалдау саласында проблемалар бар. Қауіпсіздік мәселесі ушығып тұр. Иә, реттеу керек, бірақ министрлік оны неге шешпеді? Оның жауапкершілігі қайда деген сұрақ бар", – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Айтуынша, өзін-өзі реттеуді енгізе салғаннан қауіпсіздік мәселесі автоматты түрде шешілмейді. 

"Өзін-өзі реттеуді енгізгенде жүйелі көзқарас пен нақты шешімдер қажет. Мен осы мәселе бойынша төрт бағытта ой білдіргім келеді. Бірінші – мемлекеттік бақылау. Көлік саласындағы мемлекеттік бақылау мен Көлік министрлігінің жауапкершілігі бұл заң жобасымен тіпті жойылуға жақын. Заң жобасында бақылау мен реттеу негізінен өзін-өзі реттеуге, яғни палатаға ғана жүктелген. Бұған қоса осы палатаның өзін мемлекет тарапынан тексеру мен бақылау бойынша мемлекет қауқарсыз болады. Мемлекеттің оларды бақылау мен тексеру бойынша заң жобасында жеткілікті құзыреттілігі жоқ. Министр мырза бар дейді, міне салыстырмалы кесте. Онда "тек қана оның мүшелігін" тексере аласыздар деп жазылып тұр. Сіз қай заңды талқылап отырсыз? Мен оны түсінбедім", – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліс депутаты палатаға ретету функциялары толық берілгенін жеткізді.

"Бұл негізінен дұрыс шығар. Бірақ стандарттар мен тасымалдау ережелері бойынша негізгі талаптар мемлекет тарапынан бекітілуі керек еді. Егер палаталар өз ережелерін өздері дайындап, өздері бекітіп, өздері реттесе, қандай да бір заңбұзушылықтар болуы мүмкін. Меніңше, мемлекет белгілі бір минималды әрі нақты талаптарды бекітіп, палата оған қосымша шарттарын енгізіп, реттеуге мүмкіндік беруге болушы еді. Үшіншіден, бізде үш палата болады дейді. Неге үш? Неге төрт емес? Неге он емес? Оларды кім құрады, бұл қызмет кімге бұйыратыны туралы ақпарат жоқ. Бұл монополияға әкелу қаупі бар", – деп жалғастырды ол. 

Мәжіліс депутаты қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. 

"Министрлік жалған техосмотр мәселесін шешпеді. Заң жобасында да бұл мәселе ескерілмеген. Жауапкершілікті палатаға жүктеп отыр. Жалпы бұл заң жобасы үлкен толықтырулар мен өзгерістерді қажет етеді", – деді халық қалаулысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу