Оңтүстік Қазақстанда жатыр мойны ісігіне шалдығу жиілеп барады

1209

Оңтүстік Қазақстанда жатыр мойны ісігіне шалдығу жиілеп барады

Оңтүстік Қазақстан облысында қыз-келіншектер арасында жатыр мойны ісігі көптеп кездесе бастады.  Бүгінде осы диагнозбен 300 науқас арнайы тіркеуге алынған, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА. 

Уақытылы ем-дом ғана бұл кеселдің алдын алатынын сөз еткен дәрігерлер, осы мәселеге орай арнайы брифинг өткізді. Облыстық онкологиялық диспансердің мамандары  жатыр мойны ісігі әсіресе жас қыздардың болашағы үшін өте қауіпті екенін ескертуде.  

"Қазіргі таңда қатерлі ісік аурулары "жасарып" отыр. Бұрындары ол 40-50 жастағы әйелдерде кездессе, қазір 22-25 жастағы қыз-келіншектерде анықталып жатыр.  Кез келген ісік бірден ұлғаймайды.  Сондықтан, аурудың бірінші, екінші сатысында 100 пайыз айығуға болады. Бұған қазіргі медицинаның пәрмені жетеді", – дейді облыстық онкологиялық диспансері консультативтік емханасының меңгерушісі Болат Дәуренов.

Бүгінде өңірде қатерлі ісікті қоздыратын папиллома вирусына қарсы вакцина егу басталған. Екпе 10-45 жас аралығындағы қыз-келіншектерге жасалады. Себебі, статистикаға сүйенсек, папиллома вирусын жұқтырудың жоғарғы шегі көбіне 16-20 жас аралығындағы нәзік жандыларға тиесілі. Мамандардың пікірінше, екпе ерте жаста жасалса,  ісіктің алдын алу мүмкіндігі артады. 

"Жастардың жыныстық қатынасқа ерте түсуіне байланысты екпе егу 11-12 жастағы қыздардан басталып отыр. Бірақ, вакциналау жасатқаннан соң да тексеруден өтуі шарт. Себебі, вакцина денсаулықты 100 пайыз қорғамайды", – дейді облыстық онкологиялық диспансері гинекология бөлімінің меңгерушісі Бағдат Орманов.

Айта кетейік, елімізде жылына 30 мыңға жуық науқас қатерлі ісікке шалдықса, оның 17 мыңнан астамы бақилық болып жатады. Осы мәселеге алаңдаушылық білдірген дәрігерлер алдағы демалыс күндері облыс тұрғындары үшін арнайы ашық есік күнін өткізуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу