"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" мемлекеттік бағдарламасы жұмыс күші көп оңтүстік, батыс өңірлерінің азаматтарын солтүстікке көшіріп, оларға барынша жағдай жасауды көздейді. Алайда мұндай игі бастама кей мамандардың қалтаны заңсыз қампитатын мүмкіндігіне айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Аталмыш бағдарлама аясында қоныс аударушыларды баспанамен, жұмыспен қамтып, балаларын балабақша мен мектепке орналастыру қарастырылған. Ол үшін мемлекет қазынадан арнайы қаржы бөледі. Бірақ Павлодар облысындағы мансап орталығының қызметкерлері бюджеттік ақшаның бір бөлігін қалтаға басуды жөн санаған.
Атап айтқанда, аталмыш орталықтың бұрынғы және қазіргі маманы қоныс аударушылар мен қандастарды алдап, оларға тиесілі ақшаны өздері иемденіп келген. Өзге өңірден немесе елден көшіп келген азаматқа оларға баспана алу үшін 4 млн теңге қарастырылғанын айтқан. Оны алу үшін ауылдан арзан үй тауып, бірақ келісімшартта оның бағасын көтермелеп, 8 млн теңге деп көрсетуді сұраған. Маман нақты баға мен келісімшарттағы соманың айырмашылығын өзіне қайта әкеліп отыруды талап еткен. Мұны мемлекеттік бағдарламаның шарты деп көрсеткен.
Алаяқтыққа қатысты аталмыш іс күні кеше сотта қаралды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, екі маманның осындай қитұрқы әрекетінен мемлекетке 144 млн теңге көлемінде шығын келтірілді. Сот барысында 70-ке жуық қоныс аударушы куәгер ретінде тыңдалды.
"О. Және Ж. кінәлары сатушылар мен сатып алушылар шоттарының хаттамасы, сатылатын үйлерді қарау хаттамасы, баспаналардың келісімшартта көрсетілген бағадан арзан тұратындығы жөніндегі мамандардың сараптамасымен дәлелденді", – деп қорытындылады прокурор.
Ал басты сотталушының қорғаушысы бұл іске қоныс аудуарышалардың өздерінің, келісімшартта бағаны көтермелеп көрсетуге кеңес берген нотариустардың да кінәсі бар екенін алға тартып, істі қылмысқа итермелеу бабы бойынша қарастыруды сұрады.
Бірақ сот екі сотталушыны да алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп таныды. Бірі алдағы бес жыл уақытын темір тордың ар жағында өткізетін болды. Екінші маманның бас бостандығы үш жылға шектелді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте алдағы алты жылда еңбек етуге тыйым салынды.
Шығын азаматтық тәртіпте өндіріледі. Әлеуметтік келісімшартты орындамай, өңірден кері кетіп қалған қоныс аударушылардан да тиісті сома өндіріп алынбақ. Сондай-ақ, жекелеген қоныс аударушылар мен нотариустарға қатысты іс жеке қаралады.
Айта кетейік, былтыр Павлодар облысына 3422 қандас пен қоныс аударушы келді. Биыл олардың саны 4 мыңнан асады деген жоспар бар.