1 мамырдан бастап ОПЕК+ мүшелері шикізат өндірісін 9,7 млн баррельге қысқартады. Ал әлемдік өндіріс көлемі 19 млн баррельге азаяды.
"2020 жылдың 1 мамырынан бастап ОПЕК+ елдері "қара алтын" өндірісін шамамен 10 млн баррельге қысқартады", – деп Кувейттің энергетика министрі Хәлил әл-Фадыл өзінің Twitter-дегі парақшасында жариялады.
Ескере кететін жайт, мұнай өндіруші елдердің бұған дейінгі келісімі 2017 жылдың қаңтар айынан 2020 жылдың 31 наурызына дейін созылған болатын.
ОПЕК+ мүшелерінің видео конференция форматындағы соңғы кездесуі сәуірдің 9-нан 12-сіне дейінгі аралықта өтті. Ұйым мен оған мүше елдердің мұндай қадамға баруына коронавирус пандемиясы кесірінен сұраныстың күрт азаюы түрткі болып отыр. Үш жыл бұрын ұсыным көлемі сұраныстан 3 млн баррельге артық болса, қазіргі айырмашылық 20 млн баррельге жеткен.
Табиғат Нұрболат