Павлодар облысында бірнеше елді мекеннің атауы қазақшаланады

311

Соңғы 30 жылда халық саны өсіп, қазақтың да қатары артты.

Павлодар облысында бірнеше елді мекеннің атауы қазақшаланады Фото: видеодан скрин

Павлодар облысында бірнеше ауылдық елді мекеннің атауы өзгереді деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Kazinform порталына сілтеме жасап.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының кейбір ауыл атауларын қазақшаландыру туралы ұсынысы қолдау тапты. Атап айтқанда, бұдан былай Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кенті – Атамекен, Железин ауданындағы Озерное ауылдық округі – Майлы, Тереңкөл ауданындағы Бобровка ауылдық округі – Жаңабет, Федоровка округі – Томарлы, Верненка округі – Алтай ауылдық округі, Львовка – Алтай, Воскресенка – Әулиеағаш, Березовка ауылы Аққайың деп аталады. Ал Трофимовка ауылы Қоржынкөл деген атауды иеленбек.

Атап өтуге тұрарлық жайт, ертеректе Жетінші ауыл, одан соң ұзақ жылдар "Ленинский" деп атанған кент облыс орталығы үшін географиялық тұрғыдан аса маңызға ие. Кент ретінде негізі 1914 жылы қаланып, Бидайық деп аталатын жерде №7 ауыл құрылады.

Ал 1965 жылы пролетариат көсемінің аты берілді. Кеңес заманынан Павлодар қаласына қарайтын кентке тәуелсіздік жылдары ауылдардан көп отбасылар көшіп келді. Соңғы 30 жылда халық саны өсіп, қазақтың да қатары артты.

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде мұнда 10 050 адам тұрады. Оның тең жартысы – қандастарымыз.

Жалпы, кент көпұлтты болғандықтан ба, оның атауын өзгерту мәселесі көпке дейін жергілікті қауым тарапынан қарсылыққа ұшырай берді. Ауыл ақсақалдары мен бас көтерер азаматтары бірнеше мәрте Қазанғап бидің атын бергісі келіп, ұсыныс жасағанымен халқымыздың өткен тарихын онша-мұнша білмейтін жергілікті жұрт бұл бастамадан үзілді-кесілді бас тартты.

Әйтпесе, ХІХ ғасырда өмір сүрген орта жүздің белгілі биі, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Қазанғап Сатыбалдыұлының өмір жолы бұл өлкемен тығыз байланысты. Зираты да ауылдан алыс емес.

Идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген "Ленинский" атауын картадан сызып тастауға талпынған қоғам белсенділері бұл жолы кентке 6 түрлі нұсқа ұсынды. Олар – Қазанғап, Бидайық, Атамекен, Ынтымақ, Қазына және Жетінші ауыл.

Қорытынды жиында Қазанғап би мен Атамекен атаулары қалып, жергілікті қауымдастықтың 50 мүшесінің 49-ы "Атамекенге" дауыс берді. Осылайша халықтың қалауы "Атамекен" болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу