Павлодарда салынатын қант зауытына әлі инвестор анықталған жоқ

662

Бірақ қытайлық компаниямен келіссөздер жалғасуда.

Павлодарда салынатын қант зауытына әлі инвестор анықталған жоқ

Жобалық қуаттылығы бойынша кәсіпорын 100 мың тоннадан астам қант өндіре алады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қант зауыты жобасының жайына тоқталды. Зауыт 2020-2022 жылдары салынады деп жоспарланған болатын.

"Жалпы, біздің қызылша өсіруімізге байланысты жобаның болашағы зор. Мамандардың пікірінше, біздің топырақта өсетін қызылшада қант мөлшері еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда жоғары. Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Алайда, зауыттың орналасуына қатысты бірқатар сұрақ бар. Біз барлық талаптарды орындауымыз керек", – деді облыс әкімі.

Бастапқыда қант зауытына арналған орын Ақсу қаласының индустриалды аймағынан берілетін болған. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес кәсіпорын бір маусымда 300-350, ал маусымнан тыс уақытта 120-140 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Ал, жалпы аумағы 140-150 гектарды құрайды.

"Біріншіден, оны тұрғын үй аймағынан тыс жерге шығару керек. Екіншіден, санитарлық-қорғаныс аймағының шекараларын нақты күзетілетін аймақ етіп белгілеу қажет. Үшіншіден, техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес біз инвесторларға талап қоямыз. Мен бұған дейін сүзгілердің ең заманауи, озық технологияға сай болуы керектігі жөнінде тапсырма бердім. Біз Ақсудағы жағдайды түсінеміз. Ол жерде ферроқорытпа зауыты бар. Шығарылатын қалдықтар жеткілікті. Жағдайды одан әрі ушықтырудың қажеті жоқ", – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

2019 жылы облыс басшылығы қытайлық NAALE компаниясымен қант зауытын салуға келісті. Негіздемелік келісімге Пекинде өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VI отырысында қол қойылды. Инвестор Павлодар облысында жылына кемінде 110 мың тонна қант шығаратын зауыт салуды ұсынды. Облыс басшылығы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мәселелерін шешіп, қолжетімді мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға уәде берді.

Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, инвестор әлі анықталған жоқ. Бірақ қытайлық компаниямен келіссөздер жалғасуда.

"Әзірге жоба бойынша нақты инвесторлар жоқ. Біріккен Араб Әмірліктерінен бірнеше түрік инвесторлары бар. Кім ең жақсы ұсыныс жасай алатынына қараймыз. Оның ішінде ең маңыздысы – экологиялық қауіпсіздікті сақтау. Біз қытайлық компаниямен меморандумға қол қойдық. Алайда, ол міндетті келісім болып табылмайды. Біз экономикаға, экологиялық компонентке әсер ететін және жағымсыз сценарийлерден аулақ болатын шаралар кешені тұрғысынан инвесторды тартуымыз керек екенін атап өткім келеді. Қытайлық компаниямен келіссөздер процесін тоқтатпаймыз. Басқа әлеуетті инвесторларды іздеу жұмыстары да кеңейтілді", – деді облыс әкімі.

Өткен жылы облыста шикізат базасы дайындала бастады. 10 ферма немістің KWS маркалы 8 сұрыпты қант қызылшасын отырғызды. Ең көп қант құрамын "Тимур" ЖК егінінен алынған дақылдар көрсетті – 19%. Мамандардың пікірінше, зауыттар қант мөлшері 18-ден 24 пайызға дейінгі қызылшаны таңдайды. Ал, төмен мөлшердегі тамыр дақылдары жем ретінде өңдеуге жіберіледі.

Айта кетейік, зауыт еліміздегі  қант тапшылығын төмендетіп, республикадағы ең қуатты қант зауыты бола алады.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу