Еліміздің индустриялық орталығына баланатын Павлодар облысы қазынасындағы негізгі салықтық түсімдерді ірі өндірістік орындар құрайды. Олардың бір жылда төлейтін міндетті аударымдары 180 млрд теңгеден асып жығылады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Тұрғындар арасында "Біз төлейтін салық қайда жұмсалып жатыр?" деген сауал жиі туындайды. Олар әлеуметтік желілер арқылы бұл сұрақты жергілікті билікке де жолдап жатады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірде былтыр атқарылған жұмыстардың есебін видео ретінде беруді құп көріп, өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы қалың көпшіліктің сауалдарына жауап беруді бастады. Алдымен өңірдің "қалтасына" түсетін ақша мен шығындарға тоқталды.
"Сіздерден "Біздің салықтар қайда жұмсалады?" деген сұрақ жиі келіп түседі. Облыс бюджеті негізінен 15 ірі салық төлеуші - өңір кәсіпорындары есебінен толығады. Бұл шамамен 55,4%-ды немесе 181,6 миллиард теңгені құрайды. Өңірдің шағын және орта бизнесі бюджетке 111 миллиард теңге аударады. Бұл - 34,3%", – деді Асайын Байханов.
Ірі салық төлеушілердің қатарында Павлодар мұнай-химия зауыты, "KAZ Minerals Bozshakol", "Богатырь Көмір", Екібастұз қаласындағы ГРЭС-1, ГРЭС-2, "Қазақстан алюминийі", "Ақсу ферроқорытпа зауыты", "Қазақстан электролиз зауыты", "Шығыс" кеніші және басқалары бар.
Ал тұрғындардан, яғни жеке тұлғалардан жылына шамамен 2,8 млрд теңге түседі. Бұл – облыстық бюджеттің 0,9%-дық үлесі. Бұл ретте Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалалары мен Баянауыл, Железин аудандарының салық төлеушілерінен түсетін қаржы басқалардан қарағанда едәуір көп.
"Біздің бюджет әлеуметтік салаға басым бағытталған. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласына 257,6 миллиард теңге немесе 47%-ға жуық қаражат қарастырылды", - деп атап өтті өңірдің басшысы.
Сол сияқты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, яғни абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жылумен, сумен, электрмен қамтамасыз етуге 77,5 млрд теңге, ауыл шаруашылығын дамытып, шаруаларға субсидия мен жеңілдетілген несие беруге 51,1 млрд теңге жұмсалды.
Жалпы, облыстың бюджеті 550,6 млрд теңгені құрайды. Жыл сайын аймақтың қазынасындағы қаражат орта есеппен 20,4%-ға өсіп отыр.