Путин, Алиев пен Пашинян Сочиде бейбітшілік шарттарын пысықтайды

522

Ресей Президенті Владимир Путин 31 Қазанда Сочиде Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев пен Армения Премьер-Министрі Никола Пашинянды келіссөздер үстеліне жинайды. 

Путин, Алиев пен Пашинян Сочиде бейбітшілік шарттарын пысықтайды Фото: interfax.ru

Үшжақты саммиттің алдында Ресей Федерациясы Президенті Әзербайжан мен Армениядағы әріптестерімен жеке-жеке сөйлеседі, деп хабарлады Кремльдің баспасөз қызметі.

"Ресей, Әзербайжан мен Армения көшбасшыларының 2020 жылғы 9 қарашадағы, 2021 жылғы 11 қаңтар мен 26 қарашадағы үшжақты уағдаластықтарын іске асыру барысын, Закавказьедегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі одан арғы қадамдарды қарастыру жоспарлануда. Сауда-экономикалық және көлік байланыстарын қалпына келтіру мен дамыту мәселелері де талқыланады", – делінген хабарламада.

Өткен жұмада Пашинянның бастамасымен бейнеконференция форматында ҰҚШҰ-ның кезектен тыс саммиті өтті, оның басты тақырыбы армян-әзербайжан шекарасындағы жағдайдың шиеленісуінен кейін "Арменияға көмек көрсету жөніндегі бірлескен шараларды" талқылау болды.

ҰҚШҰ мемлекет басшыларының кездесуінде сөйлеген сөзінде Путин "Ресей армян-әзербайжан қатынастарын қалыпқа келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды" деп сендірді және "Ресей әдеттегідей Арменияны қолдайтынын" еске салды.

Путин Ресей, Армения мен Әзербайжан басшыларының бірлескен мәлімдемелерінің ережелерін дәйекті түрде орындау ғана Баку мен Ереван арасында бейбіт келісім жасасуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Бір күн бұрын, "Валдай" халықаралық пікірталас форумының пленарлық сессиясында Ресей президенті Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік келісімін жасау қажет деп санайтынын және армян халқы мен басшылығы таңдаған кез-келген нұсқасын қолдайтынын айтты.

"Қалай болғанда да, қандай нұсқа таңдалса да, егер түбі бейбітшілікке әкелсе, біз бір ауыздан қолдаймыз. Біз бұл жерде ештеңені таңдамаймыз және Арменияға өз ойымызды айтып, қыспақтамаймыз. Егер армян халқы мен бүгінгі армян басшылығы осы Бейбітшілік келісімінің қандай да бір нақты нұсқасын таңдау керек деп санаса, менің түсінуімше, Әзербайжанның Қарабақ жеріндегі билігін мойындауды көздейтін "Вашингтон" келісімі, біз оны да көруге дайынбыз", – деді Путин.

Ол "Әзірбайжанмен келісу керек, бұл келісімдер екінші тарап – әзербайжандықтар үшін де қолайлы болуы керек, бірақ Армения біздің стратегиялық серіктесіміз, одақтасымыз, сондықтан біз, әрине, Әзірбайжанның мүдделерін ескере отырып, серіктесіміздің ұсыныстарына баса назар аударамыз" деп қосты.

Өз кезегінде Пашинян 28 қазанда – ҰҚШҰ саммиті шақырылған күні әлеуметтік желілерде Сочиде Ресей ұсынған Армения мен Әзербайжан арасындағы мемлекетаралық қатынастарды орнатудың базалық принциптері мен параметрлері негізінде Бакумен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру бойынша жұмыс істеуге дайын екендігін растайтынын мәлімдеді.

"Егер Прагада (қазан айының басында Алиев, Пашинян, Франция президенті Эммануэль Макрон мен Еуропалық Кеңестің президенті Чарльз Мишельдің кездесуі) бұл процесс 1991 жылғы шекаралар негізінде жүзеге асырылатыны туралы келісімге қол жеткізілгенін ескерсек, оның орындалуы әбден мүмкін. Себебі шекаралар белгілі. Әзербайжан мен Таулы Қарабақ арасында халықаралық деңгейде көрінетін диалог басталуы керек. Бұл Таулы Қарабақ армяндарының құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау үшін өте маңызды. Егер сондай келісімге жете алсақ, біз қуанышты болар едік, сондықтан осы бағытта ары қарай жұмыс істей бермекпіз", – деді Пашинян өткен сәрсенбіде ел парламентінде сөйлеген сөзінде.

Бұған дейін Әзербайжан тарапы Арменияға 2 қазанда бейбітшілік шарты бойынша "кеңейтілген элементтерді" ұсынғанын және армян тарапы "олармен танысуға уақыт бөлгенін" айтқан болатын. Бұл туралы 14 қазанда Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Ресей Федерациясы мен Армения СІМ басшыларымен үшжақты кездесуде хабарлады.

СІМ басшысы Әзірбайжанның Армениямен келіссөздерде, атап айтқанда, бейбітшілік шартын жасасу, әзербайжан-армян мемлекеттік шекарасын ашу мен делимитациялау бойынша ілгерілеуге мүдделі екенін атап өтті.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу