Рубль бағамы рекордтық шамаға жетті

559

Енді Ресейден жеткізілетін тауарлар бағасы шарықтап кетуі мүмкін. 

Рубль бағамы рекордтық шамаға жетті

Қазақстан қор биржасында (KASE) рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы өсуде, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Күндізгі сауданың нәтижесінде Ресей валютасының орташа сараланған бағамы 8,75 теңгені құрады. Бұл ретте, Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 23 маусымдағы ресей рублінің ресми бағамы 8,54 теңге.

Kurs.kz мәліметтеріне сүйенсек, дәл қазір Алматыдағы ақша айырбастау орындарында рубльді орташа сатып алу – 7,82 теңге, сату – 8,4 теңге. Нұр-Сұлтанда рубльдің орташа сатып алу бағамы – 7,8, сату – 8,08. Кейбір ақша айырбастау орындарында 1 ресей рублінің бағасы 8,8 теңгеге дейін барады.

Tengenomika арнасының авторы, экономист Ғалымжан Айтқазин теңгенің ресей рубліне қатысты кросс-бағамының бұлай құбылуының себебін түсіндірді. 

"Ресей экономикасы қазір оқшауланған. Ел ішіндегі валюта іс жүзінде еркін айырбасталмайды, ал капитал қозғалысы шектелген, энергетикалық өнімдерді сатудан түсетін экспорттық кіріс рекордтық деңгейде. Бұл ретте импорттың үлесі санкцияларға байланысты айтарлықтай төмендеді. Ресей экономикасының өзі үшін мұндай айырбас бағамы тиімді емес, мұны ресейлік шенеуніктер мен экономистер де әлденеше рет мойындағанымен, экспорттаушылардың кірістерін ұлттық валютаға айырбастау міндеттемесін алып тастау және ішінара алып тастау сияқты үкіметтік шаралар қабылданбады", – деп жазды сарапшы. 

Бұл ретте экономист теңгеге рубльден басқа да факторлар әсер ететінін айтады.

Мысалы, тұрақсыз мұнай бағасы мен доллар индексі тағы бар. Нәтижесінде теңге осы көрсеткіштер салдарынан рубльге шаққанда әлсіреуде.

"Рубльдің кросс-бағамының бұлайша өсуі әсіресе Ресейден тауарлар мен қызметтерді сатып алатын қазақстандық өндірушілерге кері әсер етеді. Яғни рубльдің өсуі экономикамызға проинфляциялық қысым жасайды, тауарлар мен қызметтердің түпкілікті бағасына ықпал етеді", – деп жазды экономист.

Қазақстандық сарапшылар бір ауыздан бағамның алшақтығы іргелес көршіден құрал-жабдық немесе шикізат импорттайтын кәсіпорындарға қиындық тудыратынын айтуда. 

Мәселен, пестицидтер мен шаруаларға керек жабдықтардың басым бөлігі Ресейден сатып алынады. Жыл басынан бері агрохимия импорты 16%, ақшаға шаққанда 31,2 млн долларға өскен. Ал агротехника импорты былтырғы 9,7 млн доллардан биыл 24 млн долларға дейін артқан. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу