Салғырттық салдарынан 227 түп ағаш жойылуы мүмкін

474

Тұрғын үйді көтеріп жатқан компанияның ағаштарды кесуге құқығы жоқ болып шықты. 

Салғырттық салдарынан 227 түп ағаш жойылуы мүмкін Фото: elements.envato.com

Жеке меншікке жер алған құрылыс компаниясы жұмысын түбегейлі бастай алмай отыр. Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы сағызша созылып келеді. Оған сол учаскеде өсіп тұрған 227 түп ағаш қолбайлау. Жергілікті билік неліктен рұқсат бермей отыр?  Енді мердігер қандай іс әрекетке бармақ?

Кеңес уақыты кезінде бұл жерде балабақша тұрғызылған. Ал, 2005-ші жылға дейін нысанның бірнеше қожайыны болып, 2021 жылы құрылыс компаниясы бұл жерді сатып алған. Дәл осы жылы  қала билігі ғимараттың нысаналы мақсатын өзгертіп жіберген. Бірақ, мұнда өсіп тұрған 227 қайын ағашты шенділер ескермегенге ұқсайды.

"Құрылыс  жұмыстары барысында ағаштар кедергі келтірді.  Салдарынан компанияның жұмысшылар көзімізді бақырайтып тұрып, тамырымен жұла бастады. Міне қазір саусақпен санарлықтай боп қалды, әйтеуір сол қалғаны ілмиіп тұр",- дейді қоғам белсендісі Павел.

Ал, тұрғын үйді көтеріп жатқан компанияның ағаштарды кесуге құқығы жоқ болып шықты. Сөйте тұра, мердігерлер талдардың жартысынан көбін отап үлгерген. Енді Қазыбек атындағы аудан әкімдігі жеке меншік  компанияны сотқа беріпті. Бірінші сот қорытындысы шенділердің пайдасына шешілген. Соған қарамастан, фирма өкілдері аппелияциялық шағым түсіріпті. Қызығы, қала билігі көпқабатты үйді тұрғызу мақсатына жерді береді де, ауданның атқа мінерлері ағаштарды кесуге қарсылық білдіреді.

"2021 жылы Қарағанды қаласының әкімдігінің қаулысы блйынша, нысаналы мақсаты өзгертілген. Бастапқы  нысаналы мақсаты ол әкімшілік ғимарат болған. Кейіннен көп пәтерлі үй салуға ауыстырылды", -деп түсіндірді Қалалық жер қатынастар бөлімі басшысының орынбасары Нұрұл Елубаев.

Ал, ресми түрде камераға жауап бергісі келмеген құрылыс компаниясы басшыларының айтуынша, сатып алған жер бойынша барлық құжаттар түгел. Сондықтан, ағаштарды алу жайындағы шешімге жетпейінше, аппеляциялық шағым түсіре бермек. Дегенімен, сарапшылар бұл істе мемлекеттік қызметкерлер өрескел қателік жіберген деп отыр.

"Ең біріншісі - ПДП өзгеріледі, сосын нысаналық мақсаты өзгеріліп отырады. Ол деген заң бұзушылық. Заң бұзушылық орын алған. Ол әлбетте айқын нәрсе. Бірақ, қай кезде болған? Кімнің уақытында болған? Оны зерттеу керек. Мен оны қазір бірден айта алмаймын",- деді облыстық құрылысшылар қауымдастығының директоры Найля Қайырбекова.

О баста балабақша болған, кейін әкімшілік ғимаратына ұласып, қазір жерасты тұрағы бар көпқабатты тұрғын үй орнына арналған жердің нысаналы мақсатын өзгертіп отырған кімдер? Бұл сұраққа бүгінгі билік өкілдері жауап бере алмай отыр. Себебі, қала әкімшілігінің электронды базасында ешқандай мәлімет сақталмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу