Шаңырақ бағдарламасына төртінші рет өтініш қабылдау басталады

1440

Енді жобаға 1986-2017 жылдар аралығында кезекке тұрған адамдардан бөлек, 2018, 2019 және 2020 жылдары әкімдік кезегінде тұрған азаматтар да қатыса алады.

Шаңырақ бағдарламасына төртінші рет өтініш қабылдау басталады

Бұл туралы бағдарлама операторының баспасөз қызметі хабарлады. 

"2020 жылдың 28 қазанынан бастап баспанаға мұқтаж жан ретінде әкімдіктер кезегіне тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарынан өтініш қабылдаудың төртінші кезеңі басталады. Енді жобаға 1986-2017 жылдар аралығында кезекке тұрған адамдардан бөлек, 2018, 2019 және 2020 жылдары әкімдік кезегіне тұрған азаматтар да қатыса алады.

Бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне
келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,1 ең төменгі күнкөріс дейгейінен аспайтын еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі. Яғни 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс", – деп жазылған хабарламада. 

Бағдарламаның бірінші кезеңінде 19 407 өтініш қабылданды, оның 6 956 кезекке тұрған жылдарына (1986-2010жж.) сай келді. Нәтижесінде жалпы көлемі 5 752 000 000 теңгеге 447 несиелік өтініш мақұлданды.

Бағдарламаның екінші кезеңінде 22 834 өтініш қабылданып, жалпы көлемі 22 325 000 000 теңгеге 1 620 несиелік өтініш мақұлданды.

Бағдарламаның үшінші кезеңінде 11 957 өтініш қабылданды, оның 9 511-і талаптарға (2016-2017жж.) сай. Нәтижесінде жалпы көлемі 4 361 000 000 теңгеге 319 несиелік өтінішке келісім берілді.

Жалпы үш кезең бойынша 54 198 өтініш қабылданып, оның 34 453 кезекке тұрған жылдарына (1986-2017жж.) сай келген. Нәтижесінде жалпы көлемі 32 млрд 400 млн теңгеден астам қаражатқа 2 386 несиелік өтініш мақұлданды.

"Шаңырақ" пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін ҚР Ұлттық банкінің еншілес
ұйымының қаражатынан 210 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған.
Оның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне
түсті. Осы бюджетке сәйкес, еліміздің шамамен 7-8 мыңдай отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жылдық мөлшерлемесі 5%-ға тең (ЖТСМ 5,2% бастап), жеңілдетілген заемды алу үшін бағдарлама қатысушылары әкімдік кезегінде тұрулары қажет. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинақ шоттарында займ мөлшерінің 10%-ын бастапқы жарна ретінде жинаулары керек. 

"Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін. Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек жаңадан салынған үйлерден ғана алуға болады. Бұл – "5-10-20" бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер салып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компанияларына тиесілі үйлер", – деп жазылған хабарламада. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу