Шекарадағы ауылдың ауруханасына дәрігер мен қаржы жетіспейді

303

Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл ауылында дәрігер жетіспейді.

Шекарадағы ауылдың ауруханасына дәрігер мен қаржы жетіспейді Фото: РИА Новости

Бар маман дәрігерлік амбулаторияда қаржы болмағандықтан кезек-кезекпен ақысыз еңбек демалысына кетуге мәжбүр. Ал аудан орталығы Күршімдегі орталық аурухананың өзі коммуналдық мекемелерге шаш-етектен қарыз, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Марқакөл ауылының ауруханасына жеті мыңға тарта адам тіркелген. Оларға 11 дәрігер, 36 медбике қызмет көрсетеді. Алайда гинеколог, анестезиолог, реаниматолог және тіс дәрігері секілді белгілі бір сала мамандары жоқ. 1997 жылға дейін аудан орталығы болған бұл ауылдың ауруханасы үлкен. Бірақ дертіне шипа іздеген жандар Күршім ауылы мен Зайсан, Өскемен сияқты өзге қалаларға сабылып әлек.

"Босандыратын жер де жоқ. Ауруханамыз үлкен ғой, енді дәрігер жоқ. Босандырғанда Күршімге апарады. Күршімге де босандырмайды, Өскеменге жібереді. Енді қыста бір Құдайға сыйынып жатамыз. Өйткені дәрігер жоқ", - деді Күршім ауданының тұрғыны Гүлнәр Батталова.

Арнайы есепте тұрған науқастар тегін берілетін дәріні де сатып алады. Себебі, тендер жарияланып, қажетті дәрі-дәрмек сатып алынғанша бірнеше ай өтіп кетеді. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған жандар оны күтіп отыра алмайды. Ауруханада қаржы да тапшы. Соның салдарынан маркакөлдік дәрігерлер кезек-кезекпен ақысыз еңбек демалысын алуға мәжбүр болған.

"ОСМС-тегі коэффициент өзгерген жоқ. Ал мына медбикелердің, дәрігерлердің жалақысы өсе берді, өсе берді. Әрдайым өсе берді ғой. Ал ол келмейді. Бір-біріне сәйкес емес. Көрдіңіз бе? Сол себепті сөйтіп істеп отыр", - дейді Марқакөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Анар Бекпаева.

Яғни, дәрігерлер әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бекіткен жарнаны көтеру керек  деп санайды. Ол өзгермей ақ халаттылардың жағдайы түзелмейді-міс. Аудан орталығы Күршім ауылындағы орталық ауруханада да жағдай мәз емес. Қарызға белшеден батқан.

"Коммуналдық қызметтің өзіне бізге 11 миллиондай қарызы бар. Суға, жылуға. Қазір енді бұл күн санап, ай санап ары қарай өсе береді. Енді бұл мекемені біз тоқтатып қоя алмаймыз. Өйткені ішінде балалар бар. Үлкен кісілер бар. Ауырып жатқан, емделіп жатқан кісілер бар. Сондықтан бұл енді үлкен сұрақ", - дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.

Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлері қаржы жетіспеушілігін басқаша бағалап отыр.

"Медициналық мекемелер бір жылға қанша қаржы керек екенін жылдың басында белгілеп алады. Олар он екі айда атқаратын жұмыстарының көлемін біледі. Соған қарай қаржы бөлінеді. Әрине, аяқ астынан эпиджағдайлар болғанда ол жеке ескеріледі. Ал мына жағдай секілді жыл соңында қаржы аз бөлінеді немесе жарна төмен деу шындыққа жанаспайды", - дейді "ӘМСҚ" КЕАҚ-ның Медициналық көмектің сапасын мониторингілеу департаментінің директоры Гүлзия Таипова.

Қордың шығыстағы бөлімшесінің мамандары да Күршім аудандық ауруханасына биыл 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген деп отыр. Бұл қаражат 2020 жылмен салыстырғанда 56 пайызға көп екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу