Шолпан Қаринова оқушылар онлайн оқыған аптаны қорытындылады

1199

Биыл 9-11 сынып оқушыларына қорытынды аттестаттау болмайды.

Шолпан Қаринова оқушылар онлайн оқыған аптаны қорытындылады

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова қашықтан оқыту кезінде оқушыға үй тапсырмасын берудің әдістемелік құралы бекітілгенін мәлім еткенін inform.kz хабарлады.

"Сөздің шыны керек, төртінші тоқсанның соңына қарай ата-аналар оқу жылының аяқталғанын күтеді. Мұғалім де оны біледі. Осыған байланысты өзіміздің шешімімізді жеткіздік. Соның ішінде биыл қорытынды аттестаттаудың болмайтынын айттық. Бұл 9-11 сыныптағы балаларға қатысты ақпарат. Үш тоқсанның қорытындысы жасалған. Төртінші тоқсанда қашықтан оқытуда бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалау өткізіледі. Осылардың негізінде жылдық баға шығарылып, 9-11 сыныптардағы қорытынды бағалау және аттестат беру осы бағалардың негізінде ұсынылатын болады", – деді Шолпан Қаринова министрліктің онлайн режимде өткен қашықтан оқытудың аралық көрсеткіштері туралы брифингінде.

Шолпан Қаринованың айтуынша, мұғалімдер мен ата-аналардың да басым көпшілігі телесабақты тиімді санайды.

"Ел Арна және "Balapan" телеарнасында сабақтардың түсірілімі жасалып, қазіргі уақытта көрсетіліп жатыр. Сапасына қатысты пікірлерді естіп жатырмыз. Мұғалімдердің де, ата-аналардың да басым көпшілігі бұл жүйенің өте тиімді екенін айтты. Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп жатқан мұғалімдер, Назарбаев зияткерлік мектептері мұғалімдері осы түсірілімдерге қатысып, көп жұмыс атқарғанын атап өткім келеді", – деді ол.

Білім және ғылым вице-министрі телесабақ асығыс түсірілгенімен телесабаққа түскен мұғалімдер өздерінің жауапкершілігін таныта білгенін жеткізді.

"Сабақ беруде дәстүрлі форматта кестеге, сабақтың неше басталып, нешеде аяқталатынына үйреніп кеттік. Ал қазір қашықтан оқытуда сабақтың белгілеудің қажеті жоқ. Жалпы мұғалім мен баланың арасындағы қашықтан оқытуда байланыстың түзу орнатылуы маңызды болып отыр. Екіншіден осыған дейінгі берілген үй тапсырмалары өзгерді. Қазіргі беріліп жатқан тапсырмалардың бәрін оқу тапсырмалары дейміз. Оқу тапсырмаларының көлемі, оның қай уақытта берілуі, қай уақытта оқушыдан кері байланыстың болуы бойынша Білім және ғылым министрлігі нақты әдістемелік құралды бекітті. Шынында осыған дейін бұлай болмағандықтан кей мұғалімдер қиналып жүр", – деп айтып өтті БҒМ вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу