Стадион ішіне егін егіп, мал баққан

469

Әкімдік нысанның заңсыз беріліп-берілмеуін нақты айта алмады.

Стадион ішіне егін егіп, мал баққан Фото: Inbusiness.kz

Жамбыл облысында 27 жыл бұрын жекеге өткен стадионның бүгінгі жағдайы жұртты алаңдатып отыр. Алып спорт нысаны ширек ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, әбден тозып біткен. Жекеге алған жандар тіпті футбол алаңының қақ ортасынан кірпіш жасайтын цех ашыпты. Жасыл желегін отап, отын еткен. Ал әкімдік неліктен күні бүгінге дейін алып стадионды мемлекет меншігіне қайтара алмай келеді.

Саудакент ауылындағы алып стадион 27 жыл бұрын жекеге аукцион арқылы өткен. Бейресми фактіге сенсек, іскер 3 га аумақты небәрі 15 тг-ге сатып алған. Әу баста стадион өз мақсатына сай пайдалануы тиіс болыпты. Бірақ содан бері ауылдықтар бірде-бір іс-шара өтпеді дейді. Керісінше қараусыз қалып, тоз-тозы шыққан. 

"Көптеген іс шаралар өтіп тұратын. Облыс көлемінде өтетін. Спартакиада болсын, бәрі гүл-гүл жайнап тұратын. Ал қазір ауылда үлкен футболды ойнайтын мүмкіндік жоқ. Өйткені мынадай кішкентай үкіметтің кортын соғып берген. Оған балалар сыймайды", – дейді Саудакент ауылының тұрғыны Нұржан Есмаханов.

Ауылда қазір 7 мыңға жуық жұрт бар. Көбеймесе, азайған емес. Мұқым елге алып стадион қажет-ақ. Ал қолдан-қолға өткен нысанның қақпасы қирап, қоршауы құлауға шақ. Іштегі ғимараттың қаңқасы ғана тұр. Іштен кірпіш құйып, сатқан. Алып алаң ішіндегі арық іздері егін еккеніне дәлел сияқты. 

"Бау-бақша да екті, қауын-қарбыз да екті. Әртүрлі заттар егіп, сиырларына жем қылу үшін жасады. 7-8 әкім ауысты, бәрі де уәде береді. "Қайтып аламыз, қайтып аламыз, жастарға футбол қыламыз" деп.  Айтуын айтады, іс сол орында қалды", – дейді Саудакент ауылының тұрғыны Сейітқадыр Әбдіғалыұлы. 

Нысан жеке иелікте болғасын тұрғындардың қолдануға да, кіруге де құқы жоқ. Кәсіпкер қолданбаса қарашаға қайтарсын деп талап қылады.  Қазір нысан 3-ші иеге өткен. Кәсіпкер 4 жыл бұрын сатып алыпты. Көздегені   спорттық мақсаттағы коммерция екен. Бірақ қаржы таппай, ісі тұралаған. Ал мал бағып, егін егілгені "бізге қатысы жоқ" дейді. Әкімдік нысанды "мемлекет меншігіне тегін бер"  деп бірнеше мәрте өтініш қылыпты.   

"Шамамен 7,5 млн теңгеге алдық ол жерді. Халыққа қатты керек боп жатса, халық наразы боп, жерді берсін деп жатса, құдай қаласа дайынбыз, ойланып көруге", – дейді кәсіпкер Бекзат Нұрсүлейменов.

Ал Сарысу аудандық әкімдігі таңнан бері архив ақтарып әлек. Нысанның заңсыз беріліп-берілмеуін де нақты айта алмады. Бірақ қайтсек те мемлекет теңгеріміне қайта аламыз деп отыр. 

"Жастар стадионынының" қазіргі қожайынымен келіссөздер жүргізілуде. Келешекте 8-10 млн теңге көлемінде біз демеушілердің есебінен ауданның теңгеріміне алуды жоспарлап отырмыз", – деді Сарысу ауданы әкімінің аппарат басшысы Құдайберген Рысдәулет.

 
Нақтысын айтсақ, биыл жыл соңына дейін я келер жылдың басында нысан теңгерімге қайта өтпек. Мемлекет меншігіне өтсе, күрделі жөндеу көріп, іші-сырты толық жаңармақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу