Су тасқыны: Батыс Қазақстан облысында 6 аудан мен Орал қаласында 552 тұрғын үйді су басты

1012

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің брифингіде мәлім еткеніндей, суға кеткен үйлердің 292-сі жарамсыз. 145-сінде әлі су тұр.   

Су тасқыны: Батыс Қазақстан облысында 6 аудан мен Орал қаласында 552 тұрғын үйді су басты Фото: ҚР ТЖМ

Қалияр Шадиярұлының сөзіне қарағанда, суға кеткен үйлер саны әлі нақтыланады. Бұдан бөлек Орал қаласы маңындағы 427 саяжайды су басып, 440 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Оған қоса Теректі ауданында Ұзынкөл су қоймасының шектен тыс толуына байланысты 5 елді мекенді су басу қаупі туындады. Соған байланысты бес ауылдан 4 615 адам эвакуацияланды. Қазір қоймада су деңгейі түсті. Дегенмен қауіп толық сейілген соң ғана адамдар үйлеріне қайтады, деп жазады inbusiness.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

"Облыс бойынша барлығы 6 868 адам қауіпсіз жерге көшірілсе, соның 3 579-ы – балалар. Эвакуациялық пункттерде қажетті барлық жағдай жасалған. Су тасқынынан зардап шеккендерге 2500-ден астам волонтерлар көмек көрсетуде. Кезекшілік ұйымдастырылып, оқушы балалар онлайн форматта білім алып жатыр. Мысалы, күні кеше 14 мектепте 5 мыңнан астам шәкірт онлайн оқыса, бүгін 10 мектепте 3 722 оқушы қалды. Сол секілді су тасқыны басталғаннан бері эвакопункттерде орналастырылған 3 684 адамның 2 633-і мекенжайларына қайтып, қазір 1 051-і қалды", - деді Қ.Айтмұхамбетов.

Оның айтуынша, көршілес Ресейден бастау алатын 5 трансшекаралық өзенде су деңгейінің көтерілуі жұртшылықты алаңдатып отыр. Бұдан бірнеше күн бұрын Саратов облысы аумағында орналасқан Приузен су қоймасынан Казталов және Жаңақала аудандарына баратын Қараөзенге жіберілген су көлемі секундына 550 текше метрге жетті. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында бірде-бір елді мекенді су басуына жол берілген жоқ. Су өзінің арнасымен кетіп жатыр. Күні бүгін аталмыш қоймадан секундына 440 текше метр су беріліп жатыр.

"Қазіргі таңда Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан, сондай-ақ Сақмар, Елек, Шыңғырлау және басқа шағын өзендерден Жайыққа өте көп мөлшерде су құйылып жатыр. Соған байланысты Жайық пен Шағанда су деңгейінің көтерілуі салдарынан Орал қаласы мен Бәйтерек, Теректі аудандарын су басу қаупі сейілген жоқ", - деді Қ.Айтмұхамбетов.

Облыс әкімінің орынбасары су тасқыны салдарынан 179 ірі қара, 47 жылқы, 60 шошқа, 1 442 ұсақ мал, 119 үй құсы шығынға ұшырағанын жеткізді.

"Деркөл өзенінде су деңгейі түсті. Шағанға да Ресей жағынан түсетін су азайды деген хабар алып отырмыз. Егер екі-үш күннің ішінде Шағанның суы күрт төмендеп, ағысымен өтіп кетсе, онда жеңілдейді. Ал Жайық өзенінің деңгейі 800-850 сантиметрден асса, онда қауіп күшейеді. Шағанға су кері қарай лықсып, қаланың бірқатар ауданын су басуы ықтимал. Қазіргі таңда қауіпті аумақта қалған 5 мыңнан астам адамды көшіру жұмыстары жүргізілуде", - деді Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов.

"Қазгидромет" РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың нақтылауынша, қазіргі кезде Орынбордағы Ирикла су қоймасынан Жайыққа секундына 2 175 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл – Ирикла су қоймасы 1957-1958 жылдары салынғаннан бері тарихта болмаған жағдай. Оған қоса Жайықтың ірі саласы – Сақмар өзені бір тәулікте 190 сантиметрге көтеріліп, 750 сантиметрге (қауіпті шегі – 870 см) жетті.

"Қазір Ирикла су қоймасы 100 пайызға толды деуге болады. Бұл – оған қанша көлемде су келсе, соншасы төменгі ағысқа құйылады деген сөз. Алдын ала болжам бойынша Жайық өзені 850 сантиметрге көтеріледі деп отырмыз. Онда 1994 жылғы жағдай (853 см) қайталануы мүмкін. Сонымен қатар 1957 жылы Орал қаласы тұсында Жайық суы 933 сантиметрге жеткені мәлім. Осының бәрін ескере отырып, жұмыстанатын боламыз. Оның үстіне 6 сәуір күні облыста нөсер жауын жаумақшы", - деді Т.Шапанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу