Тасқын салдарынан ауыз су сапасы нашарлауы мүмкін бе?

507

Ақтөбеліктер арасында краннан су ішуге болмайды деген қауесет тараған.  

Тасқын салдарынан ауыз су сапасы нашарлауы мүмкін бе? Фото: Әзиз Жанұзақ

Өңір тұрғындары қарғын сумен екі аптадан бері алысып жатыр. Қазірге дейін облыс орталығы мен алты ауданда жергілікті ауқымдағы, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Еріген қар суы қорымдар мен мал өлекселері жиналатын орындарды да шайып кетіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Су тасқыны көрші Ресей тұрғындарын да әуреге салды. Орынбор облысында тұрғындар ауыз су тапшылығын сезініп жатыр. Өйткені, су сапасы нашарлап, ішек инфенкциясына шалдыққандар көбейген. Мұндай жағдай Ақтөбеде де қайталануы мүмкін. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті биология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Роза Изимованың айтуынша, бұл кезеңде сақтық шараларын барынша ескеруі қажет.  Бірінші кезекте тұрғындардың өздері суды қайнатып ішуді әдетке айналдырғаны жөн.

"Ғылымда судың, ауаның билогоиялық ластануы деген бар. Қазір қорымдар, мал өлекселері көмілген полигондар, бірнеше жылдан бері тұрмыстық қалдықтар жиналған полигондар да су астында қалды. Ол су енді ауыз су көздеріне құйылып, үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Асқазан, ішек инфекцияларының таралу қаупі бар. Су тасқыны тоқтағаннан кейін күннің ысуы нәтижесінде басқа да ауру түрлері өршиді. Сондықтан, арнайы мамандар судың сапасын тексеріп отыруы тиіс", - деді ол. 

Эпидемиологтар төтенше жағдай жарияланған облыс орталығы мен 6 ауданда зерттеу жүргізді. Инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ауыз судан микробиологиялық, химиялық көрсеткіштерге сынама алынды. Зертханалық әдіспен 251 су сынамасына талдау жасалған. Оның 149-ы гигиеналық нормативтер талабына толықтай сай келді. Қалған 102-сі әлі зерттеліп жатыр. 

"Халық арасында тамақтан уланудың, инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг күшейтілді. Егер қауіп болып жатса, халықты хабардар етеміз және тиісті шараларды қабылдаймыз", - деді Облыстық санитарлық-эпидемилологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Нәзима Сербаева.

Шаһарды сумен қамтамасыз етіп отырған "Aqtobe su-energy group" мекемесінің өкілдері де халық арасында жүрген қауесетке сенбеу қажеттігін айтып отыр. Өңірде әзірге судың ластану дерегі тіркелмеген. Қаладағы 50 су  жинақтаушы орынның барлығы дерлік қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу