Теміртау қаласының № 9 мектеп-лицейінің сегізінші сынып оқушысы Арман Максимов техникалық каналда суға батып бара жатқан баланы құтқарды.
Бірінші тамыз күні сағат 16:50-де құтқарушыларға баланың суға батып бара жатқаны туралы хабарлама келген. Олар дереу оқиға орнына жетеді. Бірақ олар келгенге дейін сегізінші сынып оқушысы Арман Максимов суға батып бара жатқан баланы құтқарып алған.
– Досым екеуміз каналдың бойымен келе жатқан едік, мен біртүрлі дыбыстарды естідім. Маған екі бейтаныс бала жүгіріп келіп: "Жүзе аласың ба? Ана жерде адам суға батуда", – дейді Арман. Батып бара жатқан баланы көрген жасөспірім ойланбастан суға секірген.
– Мен бірден суға секірдім де, оны аяғымен жағаға итеріп жібердім. Өзім әрең жүзіп шықтым, – деп еске алады кейіпкер. – Қорыққам жоқ, бұндай кезде өз өмірің туралы ойламайды екенсің.
Құтқарылған баланы жағаға алып шығуға Арманның достары көмектескен. Оның жасы шамамен 12–13-те. Ол есін жиған соң заттарын жинап алып, қашып кеткен. Оның жеке басын анықтау мүмкін болмады.
Арман екі жыл бұрын жүзуді өз бетінше үйренгенін айтады.
Қарағанды облысының ТЖД батылдығы, сауатты іс-әрекеті және көрсеткен ерлігі үшін ТЖ Министрлігіне Арман Максимовты ведомстволық наградамен марапаттау үшін хат жолдапты.