Ақтөбеге "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев келді. Бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесу кезінде "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев ел ішінде атқарылып жатқан істермен бөлісті. Мәселен, 2013-2017 жылдары арасында 22 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 40 пайызына ұлттық палата көмектесті. Яғни 92 миллиард теңгенің меншік құқығы қорғалды. Заң жобаларына 20 мыңнан астам сараптама жүргізілді. Заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін 6,5 мыңнан астам ұсыныс беріліп, оның 73 пайызы қабылданды.
"Әкімшілік кедергіні жою үшін де жұмыс атқарылып жатыр. Еліміз бойынша 575 шағым түсіп, басым бөлімі шешімін тапты. Бақылау-қадағалау жұмыстары да азайды. Есесіне сақтандыру, алдын алу жұмыстарын күшейту керек. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат тез тарайды. Мәселен, лифт шаруашылығы, тамақтан улану, қоғамдық көлік тасымалы секілді проблемалар көтерілгенде қоғамдық резонанс туады. Сондықтан "Атамекен" ҰКП ел заңнамаларын сақтайтын, сапалы қызмет көрсететін, өзі ісіне адал кәсіпкерлерді қорғайды", — деді Тимур Құлыбаев.
Ақтөбе облысы бойынша шағын және орта бизнесте даму бар. Экономикалық тұрғыда белсенді тұрғындардың 32 пайызы кәсіппен айналысады. Шығарылған өнім де 5 пайызға көбейіп отыр.
"Жергілікті биліктің негізгі міндеті бизнеске жағдай жасау, көмек көрсету. Елімізде алғаш боп Халықтық кеңсе ашылды. Онда 600 қызмет түрі көрсетіледі. 4 айда 10 мыңнан астам адам қызметті пайдаланды. Жер беруге арналған геопортал да жасалып жатыр. Биыл 17 әкімшілік кедергі анықталған екен. Оның 10-ына жергілікті биліктің қатысы бар. Кедергі жойылды, жұмыс жалғасып жатыр", — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 73 әлеуметтік жоба іске асырылды. Биыл құны 28 миллиард теңгенің 33 жобасы қолға алынды. Оның ішінде 7 ауылға газ құбырын тарту, жол салу жобасы бар. Кездесу кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бизнеске кедергі келтіретін бірнеше факторды атап өтті.
"Біріншіден, тарифтегі тұрақтылық. Өкінішке қарай, кейбір министрлік тарифтерді өзгертіп жібереді. Бизнес тәуекелге барып, сенімдікке бой алдырады. Екіншіден, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында өңірлерге қаржы бөлінбеді. Ұсыныстар болды, бірақ ақша қарастырылмай отыр", — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.