Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендетуді ұсынған депутаттарға жауап берді

165

Қаңтарда инфляция 8,9%-ке дейін өсті.

Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендетуді ұсынған депутаттарға жауап берді Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов

Базалық мөлшерлемені мерзімінен бұрын төмендетудің айтарлықтай салдары бар. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тимур Сүлейменов Ұлттық Банктің басты мақсаты бағаның тұрақтылығы мен қаржы жүйесінің орнықтылығы екенін еске салды. 

"Инфляция әлі де басты мәселе болып отыр, себебі ол тікелей халықтың өмір сүру деңгейіне әсер етеді. Бағалар жылдам және болжанбаған түрде өскен кезде халықтың сатып алу қабілеті төмендейді, бизнес белгісіздікке тап болып, ал экономика тұрақсыздана түседі. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылғы желтоқсанда инфляция 8,6% деңгейінде қалыптасты. 2025 жылдың қаңтарында ол 8,9%-ке дейін өсті. Алайда халық оны бұдан да жоғары бағалайды: 2024 жылғы желтоқсандағы сауалнамаға сәйкес, азаматтар бағаның 13,2%-ке өскенін сезінеді. Сонымен қатар, олардың күтулері бойынша, келесі жылы инфляция 14,6%-ға дейін жететін болады",  – деді ол. 

Оның сөзінше, инфляциялық күтулер – экономикаға тікелей әсер ететін маңызды фактор. 

"Егер халық пен бизнес болашақта бағаның одан әрі өсетініне сенімді болса, онда олар алдын ала жалақыларды көтереді, тауарлар мен қызметтер бағасын ұлғайтады. Бұл инфляциялық шиыршығының қалыптасуына, яғни инфляцияның өздігінен үдеуіне алып келеді. Мұндай жағдайда базалық мөлшерлемені төмендету елеулі салдарға әкеледі. Егер мөлшерлеме инфляция деңгейінен және халықтың, кәсіпорындардың, қаржы ұйымдарының күтулерінен төмен болса, онда қазіргі кезде 32,0 трлн теңге болатын теңгелік салымдар депозиттік ставкалардың төмен болуына байланысты өз тартымдылығын жоғалтып, айтарлықтай қысқарады", – деп түсіндіреді ҰБ басшысы.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, адамдар бағаны одан әрі жеделдетуді күтіп, тауарлар мен қызметтерді тез тұтына бастайды. 

"Қаражаттардың валюталық активтерге аударуы, банк жүйесінен депозиттердің кетуі, қолма-қол ақшаның өсуі, жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, баға мен бағамдық күтулердің өсуіне байланысты ұзақ мерзімді тұтыну тауарларын сатып алуы күшейтіледі. Жылжымайтын мүлік нарығына ақша ағыны бағаның өсуіне әкелетіні сөзсіз, және бұл мемлекеттің тұрғын үй қолжетімділігін арттыруға бағытталған барлық арекеттерін жоққа шығарып, тұрғын үй мемлекеттік бағдарламаларын құнсыздандырады.

Өз кезегінде, тұтынушылық сұраныстың артуынан импорттың өсүі валюта нарығына қосымша қысым жасайды, өйткені тұтыну тауарларының негізгі бөлігі (тұрмыстық техника, телефондар және т.б.) шетелден әкелінеді", – деп атап өтті ол депутаттардың сауалына берген жауабында.

Сонымен қатар айырбас бағамының әлсіреуі және шетел валютасындағы депозиттердің көбеюі ұзақ мерзімді дедолларизация үрдісін бұзып, валюталық дағдарысқа әкеледі, делінген жауапта. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу