ТМД елдеріне ортақ стандарттарды қолданудың бюрократиялық сипаты басым

1432

Батыстың Ресейге қарсы санкциялары аккредиттеу органдарына әсер етпейді.  

ТМД елдеріне ортақ стандарттарды қолданудың бюрократиялық сипаты басым

ТМД елдеріне ортақ стандарттарды қолданудың бюрократиялық сипаты басым, деп хабарлайды abctv.kz.

Бұл туралы бүгін Қазақстанға арнайы келген Ресейдің техникалық реттеу және метрология жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Алексей Абрамов айтып берді. Оның айтуынша, ТМД елдеріне ортақ стандарттарды қолдану өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені, оның бюрократиялық сипаты басым.   

"Аталған мәселе кәсіпорындардың "аяқ-қолын" байлап отыр. Біз ең алдымен осы мәселені реттеуіміз керек. Ол үшін шешімін таппаған мәселелер бойынша арнайы жол картасы әзірленеді. Біздің міндет – ТМД елдеріне ортақ стандарттардың қолданылуын реттеу. Ал кейін оны халықаралық стандарт деңгейіне көтеру", – дейді Алексей Абрамов.

Ал Ресейдің аккредиттеу жөніндегі федералдық қызметінің басшысы Алексей Херсонов батыстың Ресей Федерациясына қарсы санкциялары аккредиттеу органдарына әсер етпейді, дейді. Айтуынша, бұл саланың саясатқа мүлдем қатысы жоқ.

"Қазақстан мен Ресей арасындағы техникалық реттеу және метрология саласындағы байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік мол. Бұл ретте екі жақты байланысты арттыруға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы аккредиттеу жөніндегі ұлттық органдар басшыларының кеңесі өз үлесін қосуда", – дейді Алексей Херсонов.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Шаққалиевтің сөзінше, бүгінде әлемдегі стандарттардың қолданылу мерзімі қысқарып келеді. Сондықтан ортақ стандарттарды енгізудің тиімділігі мол екен.

"Ортақ стандарттар екі ел арасында сенімсіздік болмауы үшін керек. Оның үстіне қазір әлемдегі стандарттардың қолданылу мерзімі қысқарып келеді. Бұрын 5 жыл қолданыста болған стандартты ескірген норма деп қабылдаса, қазір әрбір стандарттың қолданылу ұзақтығы 2,5-3 жылды құрап отыр. Біз осы өзгерістерден қалып қоймауымыз керек. Ол үшін әрбір мемлекет жеке-жеке стандарт ойлап тапқанша, ортақ дүние жасаған әлдеқайда тиімді", – дейді Арман Шаққалиев.

Комитет төрағасы біздің ел Еуразиялық экономикалық комиссияның талаптарына сәйкес, кейбір салаларда еуропалық тәжірибені қолданатынын айтты. Енді Қытай тәжірибесін зерттеп, зерделеу міндеті тұр.

Еске сала кетейік, ортақ стандарттар стандарттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің мақұлдауымен ғана қабылданады. Ал бұл кеңеске ТМД аумағындағы 12 мемлекет мүше болып отыр.

 Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу